МТРА жаңалықтары

“Birgemiz” қоры 5-ші рет мұқтаж жандарға көмек көрсетті

Мұқтаж жандарға – 50 мыңнан. Елбасының бастамасымен құрылған “Birgemiz” қоры / әлеуметтік қолдаудың кезекті толқынын қолға алды. 5-ші мәрте ұйымдастырылып отырған игі шара аясында / 5 мыңға жуық қызылжарлық азамат бірреттік жәрдемақыға ие болды.

Резеда Баймұхаметова – екінші топтағы мүгедек. 54 жастағы нәзікжанды 4 ай бұрын мүгедектігіне байланысты зейнетке шыққан. Денсаулығы жиі сыр беретіндіктен көп жүре қоймайды. Айтуынша, карантин кезінде қажет дүниелерін еріктілер жеткізіп беріп отырған. Аға буын өкілінің жастарға деген ризашылығы зор. Ал күні кеше ғана Резеда Баймұхаметованың картасына 50 мың теңге көлемінде жәрдемақы аударылыпты.

Резеда Баймұхаметова – қала тұрғыны:

– Кеше ғана картама 50 мың теңге түсті. Оны “Біргеміз” қоры аударған. Өте қуаныштымын. Бұл – материалдық жағынан ғана емес, моральдық жағынан да қолдау. Өйткені, мен де мемлекетке керек екенмін деп жаным жылыды.

“Біргеміз” қоры елімізде төтенше жағдай жарияланғаннан кейін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құрылған болатын. Ұйымның мақсаты – қоғамның әлжуаз мүшелеріне қолғабыс ету, қолдау көрсету. Жалпы, 50 мың теңге көлеміндегі жәрдемақы 7 санатқа кіретін қазақстандықтарға табыс етіледі. Олар: жалғызбасты қарттар, тұрмысы төмен көпбалалы отбасылар, мүгедектер, жарымжан бала тәрбиелеп отырғандар, жетім ұл-қыздар, ҰОС қатысушылары мен тыл еңбеккерлері.

Нұрсаят Саркен – “Nur Otan” партиясы СҚОФ маманы:

– Біздің қаламызда бұл көмекті 4875 отбасы алды. Жәрдемақы 7 санат бойынша берілуде. Қазіргі таңда халыққа материалдық көмек таратылуда.

Жалпы, “Біргеміз” қорынан қазақстандықтарға мұндай қолдау 5-ші рет көрсетілуде. Осы орайда айта кетейік, сәуір мен маусым айларында ұйымдастырылған 3 кезеңде 14 705 солтүстікқазастандық отбасыға 50 мың теңгенің жәрдемақысы берілді. Оның бір бөлігі қалалықтар болса, екінші бөлігі – аудан тұрғындары. Ал 4-ші толқында тек ауылдықтарға көмек көрсетілді. Енді бұл жолғы әлеуметтік қолдау петропавлдықтарға бұйырып отыр. Арнайы тізімді жергілікті құзырлы орган мамандары құрған. Атап өту қажет, 5-ші материалдық көмек бұған дейін 50 мың теңгелік жәрдемақыны алмай келген жерлестерімізге табысталды.

Ешкенова Дана