МТРА жаңалықтарыБизнес және экономика

«BioOperations» серіктестігіне су желісі тартылуда

Толық қуатта жұмыс істеуге – жаңа мүмкіндік. Биыл Тайынша ауданындағы “BioOperations” серіктестігінің / жеке / су тарту желісі іске қосылады. Қазір су ұңғымалары қазылып, сорғы станциясы салынуда. Шаруа мемлекет қолдауының аясында жүзеге асып жатыр.

Бұл – Леонидовка ауылының маңы. Серіктестікке қажетті тіршілік көзі дәл осы жерден тартылатын болады. Қазіргі күні мамандар мұнда су ұңғымаларын қазып жатыр. Шаруа “Бизнестің жол картасы” мемлекеттік бағдарламасы аясында атқарылуда. Биыл бұл бағытқа республикалық қазынадан 900 млн теңге бөлініпті.

Наталья Голубь – Тайынша аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы:

– Ауданымыздағы бидай өңдейтін ірі кәсіпорынға жеке су тарту желісін орнату – маңызды шаруа. Себебі, серіктестік жұмыс күшін арттырған жағдайда Қиялы ауылынан алып отырған тіршілік көзі жетпей қалады. Биыл мемлекеттік қолдаудың арқасында ауқымды қаражат бөлініп, мәселе біржақты етілуде.

Қазіргі күні «BioOperations» ғимаратының ішінде де ауқымды шаруалар жүргізіліп жатыр. Мұнда биоэтанол өндіру мен су тартуға арналған ауыр құрылғылар орнатылып, үлкен техникалар жұмыс істеуде. Қауіпсіздік мәселесі – басты назарда. Сол себепті, серіктестік басшысы ол жерге кіруге, әзірге, болмайды деді. Бірақ, атқарылып жатқан істің барлығын айтып беруге келісті.

Алмас Қалимурзин – «BioOperations» ЖШС бас директоры, Тайынша ауданы:

– Желінің ұзындығы 18 шақырымды құрайды. Бірнеше жыл бұрын өз қаражатымызға жер астынан тіршілік көзінің қорын анықтау жұмыстарын жүргізген болатынбыз. Қазір нысан ішінде арнайы құрылғыларды орнатудамыз. Бұған өз қалтамыздан 200 млн теңгедей қаржы жұмсалды.

Биоэтанол өндіретін зауыттағы шаруа бүгінде 80 пайызға тәмамдалып қалған. Серіктестік директоры Алмас Қалимурзиннің айтуынша су тарату желісін биыл қараша айында іске қосу жоспарлланып отыр.

 

 

 

 

 

 

Бердимурат Баймухан