Аптадағы маңызды жаңалықтар

Тауардың құнын заңсыз көтергендерге заңға сәйкес шара қолданылуы мүмкін

40 мыңның сайманына 8 жарым млн теңге ұсынған. Ғ.Мүсірепов ауданындағы аурухана өкілдері мемлекеттік сатып алулар порталына осындай лот қойған. Мұны Антикор мамандары тексеріс барысында анықтаған. Жемқорлыққа қарсы қызмет өкілдері бұл жолы ескертумен шектеліпті. Ал келесі жылдан бастап осындай жағдай орын алса, заңға сәйкес шара қолданылады.

– Шетелдің арзан әрі сапасыз тауарлары отандық өнім ретінде ұсынылып, сатып алу конкурстарында жеңіп шығатын кездері жиі болып тұрады. Отандық өнім өндірушілердің тізімі де, индустриалды сертификаттар да жалған өндірушілерге нақты тосқауыл қоя алмай отыр.

Қасым-Жомарт Тоқаев кезекті жолдауында дәл осы мәселені ерекше атап өтті. Себебі, елімізде шетелден арзанға тауар алып қазақстандық өнім деп сататындар көбейген көрінеді. Әсіресе, халық саны көп, ірі қалаларда мұндай жағдайлар жиі қайталанады екен. Қалтасын ғана ойлаған адамдар сапасыз өнімнің мұқабасы мен сауда белгісіне дейін өзгертіп, тұтынушыларды алдайды. Дүние уақытынан бұрын сынып не бұзылып қалса, оған жауап беретін ешкім жоқ. Жергілікті кәсіпкерлер палатасы өкілдерінің сөзінше, әзірге, биылға мұндай факті өңірде орын алмаған.

Марат Ысқақов – СҚО кәсіпкерлер палатасы директорының экономикалық мәселелер жөніндегі орынбасары:

– Биыл мұндай заңбұзушылықтар тіркелген жоқ. Облысқа жеткізілетін және өзімізде әзірленетін өнімдерді жіті тексерістен өткізудеміз. Кәсіпкерлер тауарлардың сертификатын ережеге сай етіп толтыруда. Яғни, қандай да бір заттың неден жасалғандығын, қай материалды қолданғандығының барлығы белгіленген.

Өңірде шетелде жасалған сапасыз өнімді алып, сататындар болмағанымен, тауардың құнын көтеру фактісі жиі анықталуда. Соңғысын Антикор өкілдері «сатып алудың бірыңғай терезесі» порталы арқылы тексеру жүргізу барысында Ғ.Мүсірепов ауданында тіркелген. Жергілікті аурухана 40 мың теңгелік көлік бөлшегін 8 млн 536 мыңға алмақшы болған. Мұны білген мамандар олқылықты айтып, хат жазыпты.

Нұрлан Жахин – ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі СҚО бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары:

– Тағы бір мысал келтісек: Айыртау ауданы әкімдігінің ТҮКШ бөлімі қазандыққа 377 млн теңгеге бермекші болған. Ел бойынша осындай жылу алмастырғыш құны 16 млн теңгені құрайды.

Осыған ұқсас жағдай қаладағы медициналық мекемелердің бірінде де орын алған.

Нұрлан Жахин – ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі СҚО бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары:

– Сонымен қатар, дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымдардың қымбаттауына мониторинг жүргізілуде. Мысалы, №2 қалалық емхана 6 млн теңгеден астам қаражатты үнемдеді. Тапсырыс беруші респираторлық масканың бағасын 2 мың теңгеге дейін төмендетті. Бұл ретте сатып алынатын тауардың саны 5 мың дананы құрады. Үнемделген қаражатқа қосымша қажетті зат сатып алынған.

Заңбұзушылықтың алдын алу мақсатында жыл соңына дейін Үкімет «Атамекен» ұлттық кәсіп­кер­лер палатасымен бірлесіп Қазақстанның қамту үлесін арттыру үшін нақты ұсыныстар әзірлемек.

 

Маржан Касымбек