ТКШ

Петропавлда екі бірдей маршрут жұмысын тоқтатады

Қаламызда екі бірдей маршрут жұмысын тоқтатады. Қазанның 18-інен бастап 4М мен 19-шы бағыттағы автобустар қала көшелеріне шықпайды. Кәсіпкерлер бүгінде шығынға белшесінен батып отыр.

Әбден ескіріп, тозығы жеткен. Қаламыздағы автобус паркінің бір бөлігіне осылай қысқаша сипаттама беруге болады. Дәлел – күнделікті шаһар көшелерінде жүйткіп жүрген көліктер. 10-15 жыл бойы қызмет етіп келе жатқан машиналар соңғы уақытта жүктемені көтере алмауда. Кеше Петропавлдың қақ ортасында 4М автобусы жанды. Оқыс оқиғаның неден шыққаны қазір анықталып жатыр.

Галина Семенова – “СҚО Автокөлік одағы” қауымдастығының төрайымыя:

– Абырой болғанда төтенше жағдайдың салдарынан адамдар зардап шеккен жоқ. От ауыздықталып, автобус жөндеуге жіберілді. Десе де оның қатарға қайта қосылатынына күмәнім бар. 4М бағытындағы көліктердің барлығы дерлік ескірген. Автобустар толық жөндеу мен агрегаттарды ауыстыруды қажет етеді. Бірақ, жолаушы тасымалдаушылардың машинаны қалыпқа келтіретін қаражаттары жоқ. Сондықтан, кәсіпкерлер қалалық әкімдіктен бағытты жабу туралы талай мәрте сұраған болатын.

Қаражаттың жоқтығына пандемия себеп болып отыр. Алғашқы толқын жолаушы тасымалдаушыларды тығыраққа тіреді. Кәсіпкерлер ұзақ уақытқа жұмыстарын тоқтатты, ал қайта бастағанның өзінде автобусты бұрынғыдай азаматтарға лық толтыруға тыйым салынды. Осылайша, шығынға батқан жүргізушелер, тіптен банкротқа ұшырай бастады. Сондықтан, қоғамдық көлік тізгініндегі жандар бірінен соң бірі жұмыстарынан кетіп жатыр. Олардың орнын басатын мамандар жоқ. Яғни, бір жағынан кадр жетіспейді, екінші жағынан парктің де хәлі мүшкіл. Ол аз десеңіз, күннен күнге жолаушылардың саны азайып барады екен. Бұл проблемаға 4М бағытындағы маршрут төтеп бере алмады. Қазанның 18-інен бастап, ол шаһар көшелеріне шықпайды.

Бақыт Ілиясов – қалалық ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының орынбасары:

– Петропавл қаласында 21 маршрут бар. Биыл 4Т бағытын жапқан болатынбыз. Енді кезекте 4М мен 19-шы автобус тұр. Соңғысы бойынша қазір бар-жоғы екі көлік қатынап жүр. Өзгелеріндегі жүргізушілер жолаушылардың аздығына байланысты жұмыстан кетті. Кәсіпкерлер шығындарын мүлдем ақтамайды. Сондықтан, 19-шы бағытты тоқтату туралы шешім қабылданды.

Халыққа уақытынан бұрын уайымдаудың қажеті жоқ. Қазір қалалық әкімдік алматылық компаниямен бірігіп, бағыттарды оңтайландыру жұмысын бастап кетті. Яғни, әрбір ауданды автобуспен барынша қамту қарастырылып отыр. Әрі ағымдағы жылдың соңына дейін паркті жаңарту да көзделуде. Қытайдың «зайчиктерін» ыңғайлы, сыйымдылығы мол және сапалы машиналар ауыстырмақ.

Бақыт Ілиясов – қалалық ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының орынбасары:

– Жаңа автобустарды «Солтүстік» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы арқылы алатын боламыз. Қаламыздың магистарльді көшелерімен қатынайтын бағыттарға үлкен – ұзындығы 10 метрлік машиналар, ал қалған маршруттарға 8 жарым метрлік көліктер беріледі. Паркті біртіндеп 100 бірлікке жаңартамыз.

Аталған сапалы автобустардың құны 30 млн-нан 44 млн теңгеге дейін жетеді. Қоғамдық көліктердің барлығын жыл соңына дейін жолаушы тасымалдаушыларға тапсыру көзделіп отыр. Бірақ, су жаңа машина болғанымен, олардың тізгініне отыратын жүргізушілерді табу қазір басты мәселеге айналып отыр. Бүгінде күнделікті қалада тұрғындарды діттеген жеріне жеткізу үшін 200-ге жуық автобус шығады. Пандемияға дейін олардың саны 100-ге көп болатын.

 

 

Эльмира Садвокасова