ТКШ

Петропавлда абаттандыру жұмыстары жалғасуда

Облыс орталығында абаттандыру жұмыстары жалғасуда. Биыл Петропавлда 10 көшеге тротуар төселіп, 16 көшеге / заманауи жарық шамдар орнатылған. Аталған бағыттағы шаруа қазір Әуезов көшесінде атқарылып жатыр.

Бұл – Береке ықшам ауданындағы Әуезов көшесі. Осыған дейін мұнда жаяу жүргіншілерге арналған жол болмаған еді. Сондықтан, жергілікті тұрғындарға батпақты жермен жүрулеріне тура келген. Қала әкімінің бастамасымен қазір мұнда жаңа тротуарлар салынып жатыр.

– Бәрі бірдей көлікпен жүрмейді. Жаяу жүргіншілердің қамын ойлағаны қуантады. Жолдың сапасы жақсы болса болғаны.

– Тротуарлар бұл жерге ауадай қажет. Енді жүріп-тұру ыңғайсыздық тудырмайды.

Іске “ДорСетьСтрой” серіктестігі жауапты. 2 мың шаршы метр аумаққа асфальт төсеуге кәсіпорынның 10 жұмысшысы мен 7 техникасы жұмылдырылған.

Дмитрий Ласкевич – “ДорСетьСтрой” ЖШС жұмысшысы:

– Жұмыс маусым айында басталды. Қазір шаруаның 80%-ы тындырылған. Жоспар бойынша іс толығымен бірнеше аптадан кейін аяқталуы тиіс.

Айта кеткен жөн, көшеде тағы ескірген жарық шамдары ауыстырылған. Жаңа үлгідегі дүниелердің бірқатар артықшылығы бар дейді мамандар.

Әсем Айтолла – қалалық ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің баспасөз хатшысы:

– Бұрын бұл жерде ескі жарық шамдары болатын. Биыл олардың барлығы светодиодты шамдарға ауыстырылды. Ерекшелігі – түнгі уақытта шамдардың жарық беру қуаттылығын жоғарылатуға, ал күндіз бәсеңдетуге болады.

Жалпы, биыл қала бойынша 10-нан астам көшеде тротуарлар қалыпқа келтіріліп, 16 көшеде жарық шамдары ауыстырылды.

 

 

Бисенова Жанна