МТРА жаңалықтарыАуыл шаруашылығы

Болашағы зор ауыл

Болашағы зор ауыл. Тимирязев ауданындағы Дружба селосында оң өзгерістер орын алып жатыр. Елді мекенде бірнеше аграрий мен жеке кәсіпкер еңбектенеді. Іскер жандар үнемі жергілікті мектеп пен тұрғындарға көмек көрсетеді екен. Мемлекет тарапынан қаражат бөлініп жатқан шаруа да ауыз толтырып айтарлықтай.

Дружба селосындағы Интернационал орта мектебінде қазір информатика сабағы жүріп жатыр. Балалар іш пыстырарлық бағдарламаларды емес, мультфильм жасауды үйренуде. Мұндай мүмкіндікке жеткіншектер өткен жылдың қаңтарында қол жеткізіпті. Жергілікті аграрий Николай Усенков білім ошағына 6 бірдей компьютер мен интерактивті тақта, проектор сыйлаған екен. Бизнесмен оқу ұясына деген көмектен аянбайды. Бірде материалдық техникалық базаны жақсартса, енді бірде нысанның сырты мен ішін қалыпқа келтіруге қолғабыс етеді. Кәсіпкер 2 қабаттағы барлық есіктерді ауыстырып, спортзал мен асхана орналасқан ғимараттың бөлігін профлистпен жабуға қаражат бөліпті. Мектепті қанатының астына алған жомарт жан жалғыз Николай Усенков емес.

Рахима Сәрсенова – Интернационал орта мектебінің директоры, Тимирязев ауданы:

– Даниел Вартаньян біздің мектептің линолеумын толық ауыстырды. Оқушыларға теледидар мен музыкалық орталықты сыйға тартты. Сондай-ақ, қыркүйектің бірі ол біздің шағын орталыққа 150 мың теңгеге әр түрлі ойыншықтарды сыйлады.

Шағын орталықтағы балғындар қазір ойыншықтардың қызығын көріп жатыр. Күнделікті мұнда әріп танып, жазу машығын дамытып, мектепке дайындалу үшін 15 ұл-қыз келеді екен. Бүлдіршіндер мен оқу ошағындағы 50 оқушының сапалы білім алуына жағдай жасау мақсатында бизнесмен Бақыт Сыздықов нысан ішіне су өткізіп берген.

Рахима Сәрсенова – Интернационал орта мектебінің директоры, Тимирязев ауданы:

– Қазір мектепте жылы дәретхана бар. Асханаға кіреберісте қол жуатын жерде жылы және суық су бар.

Жомарт жандар үнемі мектеп басшылығына хабарласып, қажеттіліктерін біліп отырады екен. Мұндай қолғабысты Дружба ауылындағы өзге 3 жеке кәсіпкер де танытады. Жалпы іскер азаматтар тек білім ошағын ғана емес, бүкіл ауылды назарларында ұстайды. Меценаттар қазір елді мекеннің қақ ортасынан фельдшерлік-акушерлік пункт салып жатыр. Сондай-ақ, тұрғындарды дәрі-дәрмекпен қамту мақсатында бір айлық қорды да жасақтап қойыпты. Енді балалар мен спорт алаңқайын тұрғызуды көздеуде. Бизнесмендер көмек көрсететін селолардың дамуына мемлекет те барынша қаржы құюда.

Қанат Иманжанов – Интернационал селолық округінің әкімі, Тимирязев ауданы:

– Соңғы екі жылдың ішінде ең өзекті проблемалардың бірі – су мәселесі шешілді. Таратушы құбырларды жөндедік, енді 14 колонкадан тіршілік көзін алуға болады. Сондай-ақ, ауылдағы 7 көшеге 50 бірдей жаңа үнемді жарықшамдар орнаттық. Селолық клуб та жөндеуден өтіп, кабинеттердің бірі мәдени-сауықтыру орталыққа арналды. Кәсіпкерлердің бірі тренажерлер сатып алып, фитнес зал жасадық.

Ал келесі жылы ауылдың орталық көшесіне асфальт салынып, елді мекенге кіреберісіндегі 7 шақырымға қиыршық тас төселмек. Бүгінде Дружба селосының 390-ға жуық тұрғыны бар. Олардың саны жақын арада қоныс аударатын жас мамандар мен көшіп келуші отбасылардың есебінен тағы артпақ.

 

 

 

Эльмира Садвокасова