Халық тарих толқынында

Қызыл обадан күміс тиындар мен адамдардың сүйегі табылды

Күміс тиындар, 4 адамның сүйегі мен керамикалық ыдыстар. Уәлиханов ауданындағы “Қызыл оба” қорымында жүргізіліп жатқан қазба жұмыстары нәтиже беруде. Өткен аптада археологтар соңғы мәліметтермен бөлісті. Айтуларынша Солтүстік Қазақстан өңірінде табылған мазар 14 пен 15-ші ғасырларға тиесілі. Күміс тиындардың бірінде араб әріптерімен 1337 деп жазылған жазу бар екен. Атқарылған шаруамен облыс әкімінің орынбасары Ғани Нығыметов танысты.

Бердімұрат Баймұқан – тілші:

– Көз алдарыңызда орта ғасыр, Алтын орда дәуіріне тиесілі археологиялық қазбалар жатыр. Ғалымдардың пікірінше, осы жерде Жошы ханның ұрпақтары жерленген екен. Мұнда былтырдан бері павлодарлық экспедициялық топпен бірге Қозыбаев университетінің студенттері қазба жұмыстарын жүргізуде. Шаруа қандай нәтиже берді. Ұлы даланың біз білмеген қандай сырлары бар? Оны қазір білетін боламыз.

Қызыл оба Береке ауылынан 5 шақырым жерде орналасқан. Елді мекен тұрғындары жазық даладағы дөңдердің жай жатпағанын бұрыннан білген. Бірақ, оны қопарып, тексеруді мүлдем ойламадық дейді. Тіпті, мұнда қылыш, Арғын руының таңбасы бейнеленген тас секілді заттарды тауып алған жайттар да болыпты. Аңызы мен құпиясы мол орында бұл дүниелердің тегіннен-тегін шықпағанын сезген ағайын археологтарға жүгінуді жөн көреді.

Жұмагелді Нұркешов – Береке ауылының тұрғыны, Уәлиханов ауданы:

– Ертеде аталарымыз бұл жерде үлкен кісілер жатыр деп айтатын. Жошы ханның ұрпақтары жатыр дейтін. Сырлы таң деген қала болды деп те естідік.

2 жылдан бері жүргізілген қазбалар өз нәтижесін берді. Археолог мамандар бұл жерден аумағы 700 шаршы метрді құрайтын мазардың бетін ашты. Оның биіктігі шамамен 15 немесе 20 метр болады деп топшылап отыр ғалымдарымыз. Былтыр аталған орында алтын сырға мен түйме табылды. Қазба жұмыстары жалғасқан сайын жер қойнауындағы тарихтың беті біртіндеп ашылып келеді. Биыл мамандар мұнда 4 күміс тиын және 2 ересек адам мен 2 жасөспірімнің сүйегін тапқан.

Тимур Смағұлов, археологиялық экспедицияның жетекшісі:

– Коронавирусқа байланысты биыл қазба жұмыстары уақытша тоқтатылды. Сол себепті, ауқымды жұмыстарды атқара алмадық. Тек мазарды ғана зерттедік. Келесі жылдан бастап даладағы қорымдардың барлығын зерттеуге көшеміз.

Күміс теңгедегі арабша жазулар мен сандар ап-анық көрініп тұр. Мұнда 1337 деген жазу бар. Бұл – археологтар үшін баға жетпес олжа. Яғни биыл табылған тиындар мен керамикалық ыдыстар 14 пен 15-ші ғасырға тиесілі екенін аңғаруға болады. Сондай-ақ, мамандар күмістен жасалған айнаны да реставрациядан өткізіпті. Оның бір жақ бетінде жібек матаның талшықтары бар. Яғни сол кезде Таяу Шығыс, Орта Азия және Қытаймен тығыз әріптестік қарым-қатынас болған.

Анатолий Плешаков – Kozybayev University археологиялық оқу-ғылыми орталығының жетекшісі:

– Саяси мәселелерге байланысты бүгінге дейін орта ғасырлық ескерткіштер ашылып, тексерілген жоқ. Еліміз тәуелсіздік алып, уақыт өте келе бұл жұмыстар жүргізіліп жатыр. Біз мына орында қазақ тарихының жаңа бетін ашудамыз. Алда әлі зерттейтін дүние көп. Міне, бұл – Солтүстік Қазақстан аймағының нағыз тарихы. Қазақ халқының пайда болуы мен қазақ хандығының құрылу кезеңінің бірден-бір дәлелі.

Қызыл оба қорымы Уәлиханов ауданы Береке ауылының маңындағы Сілеті өзенінің төменгі ағысында орналасқан. Алқапты суаруға арналған арық, кірпіш әзірлейтін орын пен керамикалық құбырлар кезінде бұл жерде егін шаруашылығы өркендеп тұрғанын көрсетеді. Сондай-ақ, солтүстік өңірде тұрған ата-бабаларымыздың отырықшы өмір салтын ұстанғандарын білдіреді. Ал мазардан табылған қымбат бұйымдар – мына жазық далада қазақ хандығының байлары тұрғандығының айқын дәлелі. Қазба жұмыстарын жалғастыру үшін мемлекеттен қолдау көрсетіледі дейді облыс әкімінің орынбасары Ғани Нығыметов.

Ғани Нығыметов – СҚО әкімінің орынбасары:

– Бұл жерді бірнеше жыл зерттеу қажет. Білім және ғылым министрлігі қолдау көрсететін болады.

Сондай-ақ, алдағы уақытта осы жерде туризм саласын дамыту қажет дейді Ғани Нығыметов. Шынымен де Қызыл обаның қасында болған кездегі әсерді сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Мамандар спутниктік технология арқылы обаның 3D кескінін әзірлеген. Қалған тағы 7 қорым зерттеліп болған соң олардың көшірмесін жасау жоспарланып отыр.

Бердімұрат Баймұқан