Аптадағы маңызды жаңалықтар

СҚО тауар өндірушілері Нұр-Сұлтанда өткен ауылшаруашылық жәрмеңкеге қатысты

Өңірдің тауар өндірушілері – Нұр-Сұлтан қаласында өткен ауылшаруашылық жәрмеңкеге қатысты. Сенбі-жексенбі күндері арқаның төрінде ұйымдастырылған шараға солтүстікқазақстандықтар 700 тонна азық-түлік алып барған. Тауарлардың барлығы дерлік сатылып, еңбекқор жандар 170 млн теңгенің саудасын жасаған.

Таңғы 9 кезінде басталуы керек болған жәрмеңке 1 сағат бұрын ашылды. Өңірдің құнарлы топырағынан нәр алып өскен өнімдерді сатып алуға келген елордалықтардың қарасы қалың.

Картоп, сәбіз, пияз, орамжапырақ, болгар бұрышы мен баялды. Тұтынушылар солтүстікқазақстандық тауарлардың бұл түрін қап-қаптап тасып жаттыр.

–  Арзан. 70 теңгеден. Бізде – Нұр-Сұлтанда мұндай баға жоқ.

–  Пияздың бағасы жақсы екен. Әйтеуір, алдым тұрғаннан соң.

– Лук, морковки – всё купили.

Ғ.Мүсірепов ауданының тұрғындары арқа төрінде қанат жайған ауылшаруашылық жәрмеңкесіне 70 тонна ұн әкеліпті. Келушілердің көптігі соншалық сатушылар барлығына бірдей қызмет көрсетіп үлгермей жатқандығын айтады.

Манат Дюселеков – Ғ.Мүсірепов аудандық кәсіпкерлер бөлімінің бас маманы:

– Былтырғы тұтынушылар да келіп жатыр. Ұн әкелдік. Жоғарғы сұрып 200 теңге саудалап жатырмыз. Ал жоғарғы сұрыпты ұнды 140 теңгеден сатудамыз. Күріш пен қарақұмық та бар.

Айран, қатық, қаймақ, кілегей, сүзбе мен ірімшік. Сүттен әзірленген өнімдер де жоғары сұранысқа ие. Әсіресе, Булаев майын алу үшін таңғы 7-ден келіп, кезекке тұрғандар да бар екен.

– Дәмі жақсы. Өте таза. Сондықтан да Булаев майын алғым келеді.

– Сапасы жақсы. Басқа майға қарағанда дәмі керемет. Балалар жақсы жейді. Жылда аламыз.

Небәрі жарты сағаттың ішінде Булаев майының 500 данасы сатылып кетті. Саудагерлер өнім басқаларға жетпей қала ма деп бастапқыда бір адамға 2 келіден, кейін 1 келіден таратуына тура келді. Ал Мамлют ауданының кәсіпкерлері нұр-сұлтандықтарды қымызымен қуантты. Өзімізде әзірленген табиғи сусынның ағзаға берер пайдасы мол.

Маржан Қасымбек – тілші:

– Жылқы сүті дәруменге бай. Ал одан әзірленген қымыз ауруға ем, сауға қуат беретіні әуелден белгілі. Мәселен, күніне кем дегенде бір стақанын ішіп отырсаңыз, 40 түрлі аурудан қорғанасыз. Тіпті, жаһанды шарпыған қауіпті вирустан да құлан-таза айығып шығуыңызға көмектеседі.

Солтүстік Қазақстанда әзірленген ұлттық сусынды көріп Мұрат Жұмабаев бірден сатып алды. Қымызға қызыққаны соншалық, дәмін дәл осы жерде татып көруді шешті. Мамлют ауданында жасалған ақтың сапасы азаматтың көңілінен шықты.

Мұрат Жұмабаев – Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны:

– Шұбатты көп ішкенмін. Қымыздың да дәмін татып жүрмін. Кеше Қостанайдың қымызын іштім. Жақында Жаңаарқаның өнімін татып көрдім. Бұл да жақсы екен.

Қымыздың қышқыл дәмін татып жүріп, айыртаулық құртқа көзіміз түсті. Кальцийге бай тағамды күнде жеп жүрсеңіз сүйектеріңіз қатайып, бүйрегіңіздің жұмысы жақсарады дейді мамандар. Базардың екінші бөлігінде балдың бірнеше түрі қойылыпты.
Ал мына жерде қой, сиыр мен жылқы еттері саудалануда. Елордалық тұрғын Архат Кәрімов жылдағыдай жылқы етін алуға келіпті.

Архат Кәрімов – Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны:

– Жылқының еті керек болды. 2 табағын алдым. Үнемі сіздер жақтан аламын. Өзіме ұнайды. Қайын жұртым осы жақтан болған соң ба солтүстіктен ет жиі келеді.

Ерке Есілде өскен балық та жоқ емес. Мөңгенің келісі – 300, пелядь 700 теңгеден саудалануда. Жалпы, жәрмеңкеге 700 тонна азық-түлік әкелінген. Солтүстікқазақстандықтар жеткізген өнімдер мұндағы бағаларға қарағанда 15 пайызға арзан.

Ерболат Бекшенов – СҚО ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы:

– Пияз, сәбіз, картоптың бағасы – 70 теңге. Сиыр еті – 1700, жылқы – 1800, шошқа 1300 теңгеден сатылуда. Сүт өнімдері де жақсы саудалануда. Құс ауруының анықталуына байланысты биыл тауық еті мен жұмыртқасын әкелген жоқпыз.

Мұнда өңіріміздің қолөнер шеберлері ақ шатыр орнатып, ішінде өз туындыларын паш етуде.

Маржан Қасымбек – тілші:

– Солтүстікқазақстандықтар жәрмеңкеге көздің жауын алатын картиналарды әкеліпті. Туындыларда Петропавлдың көрікті көшелері бейнеленген. Менің қолымдағы еңбек небәрі 15 мың теңге тұрады.

Мұнда ағаштан ойылып жасалған бұйымдар да ұсынылуда. Ұлттық нақышта әзірлеген дүниелер жергілікті тұрғындарды бейжай қалдырмады. Әсіресе, ыдыс-аяқтарға сұраныс көп болды.
Солтүстіктіқазақстандықтардың Нұр-Сұлтан қаласында ұйымдастырған жәрмеңкесі 2 күнге жалғасты.

Маржан Қасымбек