Мәдениет

Облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасы жаңа кітаптармен толықты

Тарихи қазыналар, балалар әдебиеті, психология, менеджмент, танымдық дүниелер. Жалпы саны – 560 еңбек. Ғабит Мүсірепов атындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасы жаңа дүниелермен толықты.

Қазақтың ұлы ақыны Абай атамыз: “Артық білім кітапта, ерінбей оқып көруге” деп айтқан. Расымен де ғаламның бар құпиясы мен сыры кітаптарда сақтаулы. Біздің ұлттық болмысымыз бен тарихымызды, салт-дәстүрімізді бойға сіңіруде облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасына келіп түскен еңбектердің тигізер септігі зор,- дейді кітапхана библиографы Майра Мақышева.

Майра Мақышева – Ғ.Мүсірепов атындағы ОБЖК библиографы:

– Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өзінің “Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру” бағдарламасында айтқан болатын: “Жаңа гуманитарлық білім: қазақ тіліндегі 100 оқулық” деп. Осы бағдарлама аясында көптеген оқулықтар шығып жатыр. Солардың біразы бізге келіп түсті. Мысалы, “Тіл тарихы” кітабы. Мұнда әлем халықтарының тілдері туралы баяндалады.

Кітапхана қорына келіп түскен тың дүниелер түрлі саланы қамтиды. Олар: тарих, психология, менеджмент пен қазақ әдебиеті. Сондай кітаптардың бірі – белгілі журналист Аршагүл Тойбайдың “Даланың дана арулары” атты жинағы. Мұнда бағзы заманда ерен ерліктерімен, қайсар мінезімен, даналығымен халықтың жадында қалған қазақтың батыр қыздары жайлы баяндалады. Бұл жерге келіп түскен кітаптардың ішінде ерекше мәртебеге ие туындылардың бірі – жерлесіміз Ғабит Мүсіреповтың “Ұлпан” атты еңбегі.

Майра Мақышева – Ғ.Мүсірепов атындағы ОБЖК библиографы:

– Бұл кітап түрік тіліне аударылған. 2016 жылы 19-сәуірде Түркия елінде бұл кітаптың тұсауы кесілген болатын. Түрік тілін білетіндерге осы кітапты келіп оқуға болады.

Жалпы, облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасы сиясы кеппеген 560 туындымен толықты.

Алтынай Қазиқан