Тұлға

Кеңес Одағының батыры Жәлел Қизатовтың дүниеге келгеніне – 100 жыл

Бүгін соғыс және еңбек ардагері, Кеңес Одағының батыры Жәлел Қизатовтың дүниеге келгеніне 100 жыл толды. Жерлесіміз 2-ші дүниежүзілік соғысқа бастан-аяқ қатысқан. Одан соң, ел қамы үшін еңбек етіп, қоғамдық істерге ат салысты. Тау тұлғаның мерейтойына орай облыстық кітапханада жиын өтті.

Жәлел Қизатұлы Есіл ауданы Қарағай ауылында дүниеге келген. Жерлесіміз 40-шы жылы ауыл шаруашылығы техникумын бітірген соң Қызыл армия қатарына шақырылады. Одан соң 2-ші дүниежүзілік соғыстың соңына дейін майданда жүріп, жаумен шайқасқа түскен.

Ескендір Елеусізов – облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы:

– Майданген батыр боламын деп соғысқа қатыспайды. Елі мен жерін жаулардан қорғап қаламын деп шайқасады. Жәлел Қизатов осындай жандардың бірі болған.

Жәлел Қизатов соғыс кезінде Беларусь, Польша және Украинаны фашистерден азат етуге қатысқан. Ал 1944 жылы Днепр өзені үшін болған шайқаста ерлік көрсеткен үшін жерлесімізге Кеңес Одағының батыры атағы берілді.

Ескендір Елеусізов – облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы:

– Жәлел Қизатовтай ағаларымызды жастарға үлгі етуіміз керек. Оның ерліктерін баяндап, ұл-қыздарды осындай батыл жан болуға үгіттеуіміз қажет.

Солтүстікқазақстандық батыр соғыс аяқталған соң жоғарғы оқу орнына түседі. Кейін ел істеріне араласып, ары қарай да халықтың қамы үшін жұмыс істеген дейді ауылдасы Жақсылық Ысқақов.

Жақсылық Ысқақов – еңбек ардагері:

– Біз бір ауылда өскенбіз. Жәлел Қизатұлы жауапкершілігі мол әрі өте қатал адам болатын. Ел үшін қызмет етіңдер деп айтатын.

Жәлел Қизатұлының 100 жылдық мерейтойына арналған жиынға 30-ға жуық адам қатысып, естеліктерімен бөлісіп, пікір алмасты.

Маржан Касымбек