МТРА жаңалықтары

Елбасының «Абай аманаты» атты мақаласы жарық көрді

Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың “Абай аманаты” атты мақаласы жарық көрді. Мақалада ұлы ақын жазған өлеңдердің  мұхиттай тереңдігі жайлы айтылған. Мәнді де мағыналы сөздер тәуелсіз елімізді алға жетелеуде жігер мен күш берген екен. Елбасының Абайға арнаған ой-толғауына солтүстікқазақстандықтар да үн қосты.

Үлкен білімпаз Құдайберген Жұбанов Еуропа руханиятымен салыстыра айтқандай, Абай – «өз ортасының Данте сияқты адамы», яғни халықтың дәстүрлі сөз өнерін, таным жүйесін, мінез бітімін түбірімен жаңаша түлеткен санаткер. Орыстар үшін – Александр Пушкин, ағылшындар үшін – Уильям Шекспир, немістер үшін – Иоганн Гете, америкалықтар үшін – Уолт Уитмен қандай болса, қазақстандықтар үшін Абай да – сондай рухани ұлы тұлға.ҚР Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев.

Иә, Абайдың ұрпақтан-ұрпаққа мұра етіп қалдырған еңбектері мәңгі жасайды. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының «Абай аманаты» деп аталатын мақаласында осы жайлы айтылған.

Самрат Құскенов – жас ақын:

– Ахмет Байтұрсынов айтқандай рухани байлық пен адамгершілікті Абайдың жазғандарынан табуға болады. Мыңмен жалғыз алысқан дарабозымыз Абайға еліктемейтін адам баласы жоқ. Ұлы ақындай болу үшін қажырлы еңбек пен талмас талап керек.

Ұлы тұлғаның туындыларын ерекше ынтамен оқитын Самрат Құскеновтың өзі де өлең жазғанды жаны сүйеді. Жерлесіміз шабыт пен ерік-жігерді Абай Құнанбайұлының еңбектерінен алатындығын айтады.

Самрат Құскенов – жас ақын:

– Абайдың қай өлеңін алсақ та адам баласына ардан аттамауға үндейді. Ынталандырады. Мысалы: «Қайғы келсе қарсы тұр, құлай берме» өлеңінің өзінде қаншама мағына жатыр. Тауың шағылса, сүрініп, жаңылсаң ақынның еңбектерін оқып, еңсеңді көтересің.

Абай Құнанбайұлы адамгершілік құндылықтарды ғана емес, адамдарды білімге құштар болуға шақырған. 91-ші жылы Тұңғыш Президент ел тұтқасын ұстаған кезде де ақынның дәл осы аманатын жүзеге асыруды басты мақсаты етті. Осылайша, 93-те «Болашақ» стипендиясын тағайындады.

– Батыс пен Шығыстың ілімін толық игерген Абайдың өнегесін ескере отырып, тәуелсіз мемлекетіміздің жастары арасынан халықаралық стандарттарға сай, білімі мен білігі жоғары мамандар даярлау мақсатымен «Болашақ» президенттік стипендиясын тағайындадық. Соның арқасында ұлы ақын өмір сүрген заманда «интернатта оқып жүрген» қазақ баласының ұрпақтары ХХ және ХХІ ғасырлар тоғысында әлемнің ең таңдаулы университеттерінде білім алу мүмкіндігіне ие болды.ҚР Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев.

Ирина Тухватулина – Kozybayev University тәрбие және әлеуметтік жұмыс департаменті директорының міндетін атқарушысы:–  Енді ғана тәуелсіздік алған жылдары Елбасы жастарға осындай мүмкіндік беруді шешті. Нұрсұлтан Әбішұлы қыз-жігіттерге шетелді көрсетіп, білімдерін одан әрі жетілдіру үшін миллиондаған қаржы бөлді. Есесіне, сол кезде өзге елден білім алып келген жандар қазір билікке келіп, талай ауқымды жобалар мен істерді жүзеге асырып жүр.

“Болашақ” стипендиясына ие болған білімді де білікті студенттердің арасында солтүстікқазақстандықтар да бар. Бүгінге дейін “Болашақ” бағдарламасы бойынша 60-тан астам жерлесіміз шетелде білім алған.

Казиканова Алтынай