Аптадағы маңызды жаңалықтар

Булаево қаласы карантинге жабылды

Тағы да карантин. Қазанның 10-ынан бастап М.Жұмабаев ауданының орталығында бірқатар шектеу шаралары өз күшіне енбек. Бүгінде Булаево қаласына кіреберісте 4 бірдей блокбекет қойылған. Мамандар қазір кіріп-шығып жатқан автокөлік иелерінің құжаттарын тексеруде.

Бұл видео архивтен алынған жоқ. М.Жұмабаев ауданындағы дәл қазіргі көрініс – осы. Бірақ, байбалам салуға әлі ерте. Жағдай толық бақылауға алынған дейді санитар мамандар.

Самат Барменбаев – СҚО тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің бөлім басшысы:

–  Соңғы 2 аптада М.Жұмабаев ауданында коронавирустық инфекцияның 24 жағдайы тіркелді, оның ішінде аудан орталығы Булаево қаласында – 15 жағдай, қалған 9 жағдай ауданның басқа елді мекендерінде тіркелді. Қазір байланыста болған адамдар тексерілді. Науқастар ем алып жатыр.

Қаулыға сәйкес қазанның 10-ынан бастап Булаево карантинге жабылады. Мұндай шешімді / қайта оралған ковид-19-дың өршіп кетпеуі үшін өңірлік комиссия мүшелері қабылдап отыр. Яғни, қозғалыс барынша қысқартылады. Аудан орталығы тұрғындарының оралып, қала қонақтарының үйлеріне қайтуларына бүгін түнгі сағат 12:00-ге дейін уақыттары бар. Ертеңнен бастап, елді мекенге тек азық-түлік пен ауыл шаруашылығы сынды халыққа аса қажет тауарлар тасымалымен айналысатын тұлғалар және транзиттік жүк көліктері кіріп-шыға алады. Сондай-ақ, қолында ем-дом алуға нұсқамасы бар азаматтардың да қозғалысына шектеу қойылмайды. Талаптардың орындалуын қадағалау мақсатында қалаға кіреберісте 4 бірдей блокпост қойылған.

Самат Барменбаев – СҚО тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің бөлім басшысы:

–  Мектеп пен балабақшаларда кезекші топтар жұмысын жалғастырады. Аумағы 500 шаршы метр болатын кәсіпкерлік субъектілер 16:00-ге дейін жұмыс істейді.

Аумағы 500 шаршы метрден асатын кәсіпкерлік субъектілерінің жұмыс режимі болса, сағат 16-00-ге дейін қысқарады. Қала ішіндегі қозғалысқа де шектеу бар. Сақтық шараларын ескере отыра, тұрғындарға емін-еркін көше кезіп жүрмеген абзал. Көктем мен жаздағыдай баспанадан тек жақын маңдағы дүкенге, дәріхана мен жұмысқа шыққан жөн. Айта кету керек, ауылдарда коронавирусты жұқтырғандардың саны 5-тен, ал аудан орталықтарында 7-ден асатын болса, мұндай елді мекендер карантинге жабылмақ. Әзірге, М.Жұмабаевтан басқа аудандарда жағдай тұрақты.

Эльмира Садвокасова