Өнеркәсіп

Қарашаның соңында Солтүстік фанер комбинаты іске қосылады

Қазақстандық сұраныстың 30 пайызын қамтиды әрі тауарын шетелге экпорттайды. Облыс орталығында қарашаның соңында Солтүстік фанер комбинаты іске қосылады. Қазір өндіріс ошағы материалды тестілеу режимінде шығаруда. Түрік инвесторы қолға алған жобаның іске асуымен өңір жетекшісі Құмар Ақсақалов танысты.

Бұл – бұрынғы Петропавл құбыр зауытының ғимараты. Кәсіпорын талай жыл бұрын жұмысын тоқтатып, бос қалды. Оны түрік инвесторлары қолға алып, тамырына қайта қан жүгіртті. Бір жылдың ішінде нысанның іші де, сырты да адам танымастай өзгерді. Бүгінде мұнда ламинатталған фанер шығаруға қажет қондырғылар орнатылған.

Айваз Бакиров, «Солтүстік фанер комбинаты» ЖШС бас инженері:

– Аппараттарды Түркия, Германия мен Қиыр Шығыстан жеткіздік. Тестілеу режимінде өндірісті бастап, қондырғыларды тексерістен өткізудеміз. Ал қараша айының соңында кәсіпорын толық қуатта іске кіріседі. Бізге 150 маман қажет. Бүгінде жергілікті тұрғындарды екі қолға бір күрекпен қамтып, станокпен жұмыс істеу ретін көрсетудеміз.

Өнімді әзірлеу процесі бірнеше кезеңнен тұрады. Алдымен ағаш қабығынан толық тазаланады. Кейін станокта айналдыру арқылы өте жұқа қылып кесіледі. Қалыңдығы шамамен 1 жарым мм болатын шпон қатты картон қағазға ұқсас.

Шпонды 11 рет қабаттап, 180 градусқа дейін қыздырылған пешке желімдеуге жібереді. Осылайша, әр 20 минут сайын ламинатталған 40 фанер әзірленеді.
Кәсіпорынның жылдық қауқары 18 мың текше метрді құрайды. Болашақта өндіріс ошағы қуаттылығын 27 мыңға дейін арттыруды жоспарлап отыр. Ламинатталған фанерді тек ақ қайыңнан жасайды. Себебі, ол өзге жасыл желектермен салыстырғанда әлдеқайда берік.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Ақ қайыңның потенциалы өте жоғары. Кезінде кемелерді де ақ қайың фанерасынан жасаған. Қазір құрылыс саласының қарқынды дамып келе жатқанын көріп отырсыздар. Сондықтан, сұраныс жоғары.

Бүгінде ламинатталған фанер шығарумен республика көлемінде тек бір кішігірім зауыт қана айналысады. Сондықтан, 90 мың текше метр материалды құрылыс компаниялары Ресей, Қытай мен Балтық елдерінен жеткізуге мәжбүр. АлСолтүстік фанер комбинаты іске қосылғаннан кейін қазақстандық сұранысты 30 пайызға қамтымақ әрі тауардың жартысына дерлігін Өзбекстан, Қырғызстан мен Еуропа елдеріне шығаруды жоспарлауда. Осынша көлемде тауар әзірлеу үшін кәсіпорынға жылына 36 мың текше метр қайың қажет.

Өндірістің үздіксіз жүруін қамтамасыз ететін қазандық – міне. Серіктестіктің бас инженері айтып өткендей ол ағаштың қалдықтарынан жағылады. Яғни, шикізат кәдеге толық жаратылады.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Көктемде келгенде бұл жер Петропавл ауыр машина жасау зауытына тиесілі еді. Ол қоқысқа толы болатын. Кәсіпорынмен келіссөздер жүргізіп, аймақты «Солтүстік фанер комбинатына» тапсырдық. Серіктестік қазандық орнатты. Осыған дейін агрегатты жолдың ар жақ бетіне бекітпекші болды. Бұл артық шығынға әкелер еді.

Өндірістің толық қуатта іске қосылуы үшін бумен қыздыратын орын қажет. Қазір нысанның құрылысы жүріп жатыр. Ол қыста қатып, жазда кеуіп тұрған ағаштарды ылғалдандыру үшін қажет. Сонда жұқа кесілген шпондар сынып кетпейді.

Эльмира Садвокасова