Мәдениет

Жергілікті айтыскерлер “Рухани қазына” онлайн фестивалінде үздік атанды

Жергілікті айтыскерлер “Рухани қазына” республикалық онлайн фестивалінде жеңімпаз атанды. Тамыз бен қыркүйек айлары аралығында ұйымдастырылған сайысқа түрлі облыстан қатысқан үміткерлер 270-ке жуық жоба ұсынды. Оның 50-уі түрлі аталым бойынша марапатталыпты. Ішінде солтүстікқазақстандықтар да бар.

Әу, демейтін қазақ жоқ екені көбімізге мәлім. Ал айтысқа қатысып, мағыналы да мәнді өлең шумақтарынан шашу шашатын жандар сирек. Біздің өңірде өнердің бұл түрі 3 жылдан бері қарқынды дамып келеді дейді халық шығармашылығы орталығының өкілдері. Жыл сайын айтыскерлердің республикалық сайыстары ұйымдастырылып, талай ақынның бағы ашылды. Биыл сондай байқау облыстық телеарналардың бірінде өткізілді. «Қызылжар аламаны» деп аталатын жобада 14 жерлесіміз бақ сынады.

Жарқын Жұпархан – облыстық халық шығармашылығы орталығының бөлім басшысы:

– «Қызылжар аламаны» телевизиялық жобасын өткізудегі мақсатымыз – пандемия кезінде үйде отырған тұрғындарды жырмен сусындату. Сол межеден шықтық деп ойлаймын. Алдағы уақытта да осындай сайыстарды жалғастырсақ па деген ниетіміз бар. Жеңімпаз атанған ақындарға Жүрсін аға марапатын берді.

Ал жақында жергілікті ақындар ұйымдастырған телевизиялық жоба «Рухани қазына» республикалық онлайн фестивалінде үздік деп танылды. Жеңімпаздарды қазылар алқасы таңдаған.

Жарқын Жұпархан – облыстық халық шығармашылығы орталығының бөлім басшысы:

– Бұл – біздің жеңсіміз. Елдің шетінде, желдің өтінде тұрған осындай дүние өтіп, содан жүлде алу – біз үшін үлкен қуаныш. Сонау 259 жобаның ішінен үздік деп танылдық.

Жеңімпаздарды марапаттау рәсімі кеше Нұр-Сұлтан қаласында ұйымдастырылды. Солтүстікқазақстандық айтыскерлерге 500 мың теңгенің сертификаты табыс етілген. Жерлестеріміз осымен тоқтап қалмақ емес. Бүгінде олар қазан айында Атырау облысында өтетін республикалық сайысқа дайындықтарын пысықтап жатыр.

 

 

 

Маржан Касымбек