МТРА жаңалықтарыҚұқық қорғау органдары

Құрылысы аяқталмаған нысанды қабылдаған бөлім басшысы жауапқа тартылуы мүмкін

Ақжар ауданының сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің басшысы жауапқа тартылуы мүмкін.

Ол тұрғызылып жатқан нысанды алдын ала қабылдады деген күдікке ілігіп отыр. Мәселенің мән-жайын жіті баяндайық. Осыдан 2 жыл бұрын 324 млн 800 мың теңге бөлініп, Талшық ауылында дене шынықтыру-сауықтыру кешені салына бастады. Сол кезде жергілікті әкімдік пен белгілі бір серіктестік арасында шарт жасалған. Шарт бойынша ғимарат 2019-дың желтоқсанында қолданысқа берілуі тиіс еді. Бірақ, көрсетілген уақытта жоспар орындалмады. Нақтырақ айтсақ, 36 млн 811 мың 224 теңгенің шаруасы тындырылмады. Осы сәтте мердігер / тапсырыс берушіге кепілдік хат ұсынып, істі ағымдағы жылдың қаңтарында тәмамдаймын деп уәде еткен. Бұған бөлім басшысы иланып, жұмыс 100 пайыз аяқталды деген актіге қол қойған. Алайда, кешен қаңтарда да тапсырылмады. Осыған байланысты бұл мәселені облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі өкілдері бақылауға алды. Нәтижесінде нысанның құрылысы аяқталды. Ал мемлекеттік қызметшіге қатысты іс қозғалды.

Нұрлан Жахин – ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі СҚО бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары:

– Мұндай бұзушылық жұмыстың толық, уақытылы әрі сапалы атқарылуына бақылау жүргізілмегендіктен орын алып отыр. Сол себепті, біз бұзушылықтарды жою бойынша Ақжар аудандық әкімдігіне ұсынымдар жолдадық. 

Ешкенова Дана