Аптадағы маңызды жаңалықтар

Медицина қызметкерлеріне берілетін жәрдемақыны дұрыс үлестіру қажет

Коронавирус індетінің екінші кезеңіне дайындық жөніндегі кеңесте Президент халықтың тыныс-тіршілігін қамтамасыз ететін қызметтердің үздіксіз жұмыс істеуі қажеттігін атап өтті.

Мемлекет басшысының пікірінше, азық-түлік қауіпсіздігі мен әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағаларына қатысты мәселелер / ерекше назар аударуды қажет етеді. Қасым-Жомарт Тоқаев / пандемияның екінші толқыны болған жағдайда негізгі салмақ тағы да медицина қызметкерлеріне түсетінін айтты. Осы орайда екінші жартыжылдықта медицина қызметкерлеріне беретін төлемақы үшін 150 млрд теңгеден астам қаржы бөлінген болатын. Қасым-Жомарт Тоқаев сол ақшаны мамандарға еш кедергісіз үлестіруді қамтамасыз ету қажет деді. Сондай-ақ, Президент індет белең алса халықпен қарым-қатынас жасаудың және кері байланыс орнатудың аса маңызды екенін тілге тиек етті.

Қасым-Жомарт Тоқаев – Қазақстан Республикасының Президенті:

– Пандемияға қарсы күрестегі табыс, негізінен, халықтың қабылданған шаралар мен шешімдерге деген сенімінің деңгейіне байланысты. Мұны тәжірибе көрсетті. Ал, сенім азаматтардың билік тарапынан атқарылып жатқан іс-қимылдарға түсіністік танытып, қолдау көрсетуіне байланысты. Халықпен тұрақты диалог жасап отыру керек және тұрғындарға туындаған мәселелер мен қатерді шынайы әрі ашық айтып, оны шешудің жолдарын ұсыну қажет. Жағдайдың ушығуы санитарлық және алдын алу шараларын қатаң сақтауға байланысты екенін бизнес өкілдері мен азаматтарымыз түсінуге тиіс. Шынайы және оптимистік жағдайлар бойынша биыл қатаң шектеу шараларын енгізу қажеттігін болдырмауымыз керек және оған мүмкіндігіміз бар.

 

 

 

 

Бердимурат Баймухан