МТРА жаңалықтары

Кәсіподақ қозғалысы ардагерлерінің аллеясы 11 шыршамен толықты

Қазанның 10-ы – елімізде Кәсіптік одақтар күні. Атаулы датаға орай бүгін Петропавлдағы кәсіподақ қозғалысы ардагерлерінің аллеясында игі іс-шара өтті. Жерлестеріміз 11 шырша ағашын отырғызды.

Петропавлда жергілікті кәсіподақ ардагерлері аллеясы осыдан шамамен бір жыл бұрын ашылды. Содан бері мұнда 52 Сібір шыршасы егілді. Жасыл желек біртіндеп өсіп келеді.

Бүгін бұл ағаштардың қатары толықпақ. Аллеяға жергілікті денсаулық сақтау, білім және ғылым мемлекеттік мекемелері кәсіподақтарының өкілдері Сібір шыршасының 11 көшетін отырғызуда. Жасыл желек Қызылжар ауданындағы Кондратовский тәлімбағынан әкелініпті. Көптің арасында облыстық кардиологиялық орталықтың директоры Азамат Мағзұмов та жүр. Ақ халатты абзал жан ағаш айналаға көрік береді әрі адам ағзасына аса пайдалы оттегін бөледі дейді. Сондықтан, өзі мұндай акцияға жиі қатысады екен.

Азамат Мағзұмов – облыстық кардиологиялық орталығының директоры:

– Саябағымыз 15-20 жыл бұрын мүлдем басқаша болатын. Айналаның бәрін шөп, қамыс басып кеткен еді. Қазір өзгеріп, көркейген. Қандай тамаша. Бәрі тап-таза. Адамдардың демалуына, олардың таза ауа жұтуына жақсы әсер етеді.

Айта кетейік, кәсіподақ қозғалысы ардагерлерінің аллеясы қаламыздағы Тұңғыш Президент саябағында орналасқан. Бүгінде бұл жерде шыршадан бөлек, қайың мен терек өсіп тұр.

Жандос Базарбаев – облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы комитетінің бас маманы:

– Шырша ағашының пайдасы өте көп. Біріншіден, ауаны тазалайды. Екіншіден, күзді күні басқа ағаштардың жапырақтары түседі. Алшыршаның жапырағы түспейді. Ол қыста да, жазда да бір қалыпта тұрады. Өте сәнді, жақсы ағаш.

Жерлестеріміз мұнымен шектеліп қалмақ емес. Олар алдағы уақытта аллеяға Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай 30 шырша ағашын отырғызуды жоспарлап отыр.

Казиканова Алтынай