МТРА жаңалықтары

Өңір құтқарушылары қан тапсырды

Өмір сыйла – донор бол! Бүгін облыстық қан орталығында 40-тан астам құтқарушы қан тапсырды. Шарапаты мол шара  Қызыл Жарты ай қоғамының жергілікті филиалы мен Төтенше жағдайлар департаментінің бірлесуімен ұйымдастырылды.

Өзгелерге жәрдемдесу! Бұл – Айтуар Бекеновтың өмірлік ұстанымы. Ол бүгінде қалалық №3 өрт сөндіру бөлімінде қызмет етіп, тілсіз жауды ауыздықтауға, апаттың алдын алуға септесіп жүр. Сонымен қатар, тұрақты донор. 2011 жылдан бері қан тапсырады екен. Бүгін игі іс жасауға әріптестерімен бірге келіп отыр.

Айтуар Бекенов – қалалық №3 өрт сөндіру бөлімі бастығының орынбасары:

– Жақында Ақмола облысының Төтенше жағдайлар департаментінің өкілдері “25 мың құтқарылған өмір” атты донорлық қан тапсыру акциясын өткізді. Біз де бүгін осы науқанға қосылдық.

Акцияға Төтенше жағдайлар департаментінің 40-тан астам өкілі қатысты. Олар орталыққа 1 жылда 4 рет келеді екен. Әр келген сайын әрқайсысы 450 мл көлемінде қан тапсырады. “Шарапаты мол шараға құтқарушылардан бөлек, полицейлер, мемлекеттік қызметшілер де белсенді қатысады дейді”,- ұйымдастырушылар. Дегенмен, ел көлемінде қан тапсыру жөнінен тапшылық байқалатын көрінеді.

Сәуле Оразова – Қазақстанның Қызыл Жарты ай қоғамы облыстық филиалының директоры:

– Қазақстанда донорлардың саны аз. Статистика бойынша елімізде 1000 адамға кем дегенде 40 донордан келу керек. Бірақ, қазіргі көрсеткіш 18-ді құрайды. Сондықтан, осындай акцияларды жиі өткізіп тұрамыз. Және игі бастамаға қатысушы жандарға алғыс білдіреміз.

Осы орайда айта кетейік, еліміздегі кез келген жан донорлардың қатарын көбейтуге ниет білдіре алады. Бірақ, ықылас танытушы азаматтың дені сау болуы тиіс. Сонда ғана орталық өкілдері қан тапсыруға рұқсат береді.

Валентин Дигтяр – облыстық қан орталығы директорының орынбасары:

– Қазір орталықтағы қан қоры 60 литрді құрайды. Бұл біздің өңір үшін жеткілікті. Бірақ, қан қорын күнде толықтырып отыру қажет. Себебі, кез келген уақытта науқас адамға қан көп мөлшерде қажет болып қалуы мүмкін.

Жалпы, облыстық қан орталығына жыл сайын 9 мыңға жуық донор келіп, қан тапсырады екен. Олардың басым бөлігі – жастар. 

Бисенова Жанна