Балалар

Халықаралық көркем әдеби байқауының жеңімпаздары марапатталды

“21-ші ғасырмен сұхбат”. Биыл орыстың белгілі ақыны Сергей Есениннің 125 жылдығына орай халықаралық көркем әдеби байқауы өтті. Додаға әлемнің түкпір- түкпірінен 600-ге жуық адам қатысып, өз өнерлері мен туындыларын паш етті. Өнерсүйер қауым / ақынның өлеңдері желісінде картина салып, оның шығармаларын оқыды.

60-қа жуық туынды. Сан түрлі сезім мен өмірде болған оқиғалар. Қабырғадағы суреттердің барлығын талантты солтүстікқазақстандық жасөспірімдер салған. Бірінің авторы – Виктория Шаболдасова. 14 жастағы жерлесіміз картина орыстың белгілі ақыны Сергей Есениннің өлеңі желісінде дүниеге келді дейді.

Виктория Шаболдасова – суретші:

– Мен Есениннің ит туралы жазған шығармасын таңдадым. Өлеңде адам жануардың 7 күшігін қапқа салып, далаға өлтіруге алып кететіндігі жайлы айтылады. Бұл – өте аянышты оқиға. Сол себепті, мен туындыдағы жайтты барынша қағаз бетіне түсіріп, көпшілікке көрсетуге тырыстым. Ойым жүзеге асты деп ойлаймын.

Жас қылқалам шеберлері салған туындылар алыстан көз тартады. Ұл-қыздар мұнда табиғат мезгілдері мен ақынның өзін қағаз бетіне түсірген. Бұл шығармалардың барлығы орыс ақыны Сергей Есениннің 125 жылдығына орай әзірленіпті. Айта кетейік, атаулы датаға орай биыл онлайн режимде халықаралық көркем әдеби байқау өткен болатын. Конкурста солтүстікқазақстандық 50-ден аса жасөспірім өз еңбектерін паш етті.

Ал Елизавета Гуляева ақынның «Мне грустно на тебя смотреть» атты өлеңінің желісі бойынша бейнеролик әзірлепті. Жауапсыз махаббат туралы түсірлген актерлік шығарма көпшіліктің көңілінен шыққан көрінеді. Нәтижесінде жасөспірім 1-ші орыннан көрінді. Бүгін Сәбит Мұқанов атындағы облыстық кітапханада байқаудың жеңімпаздары марапатталуда. Оларға түрлі дәрежедегі диплом, сертификат пен бағалы сыйлықтар табыс етілді.

Наталья Чуряк – С.Мұқанов атындағы облыстық кітапхананың кітапханашысы:

– Сергей Есениннің 125 жылдығына орай өткізілген сайысқа әлемнің 15 елінен ұл-қыздар қатысты. Жұмыстар Instagram желісіндегі парақшаға жолданды. Барлығы 600-ден аса еңбек қаралды. Жастар салған суреттер керемет. Кейбір бейнероликтер, тіпті, қысқа спектакльдей болып көрінді. Сайыс тамыз бен қыркүйек айларында ұйымдастырылды.

Жалпы, бүгінгі іс-шарада 20-дан аса ұл-қыз марапатталды. Жерлестеріміздің салған суреттер кітапхананың қабырғасында әлі ілулі тұрады. Оны кез келген адам тамашалай алады.

Бердимурат Баймухан