МТРА жаңалықтарыCOVID-19: Қазақстан

Емханаларға тіркеу жүріп жатыр

Өңіріміздің 25 мыңнан аса тұрғыны емханаларға тіркелмеген. Яғни, бұл жандар / емдеу мекемесіне барып, терапевт қабылдауын, бейінді маманның консультациясын алып, диагностикалық және зертханалық тексеруден өте алмайды. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар алаңында өткен брифингіде айтылды.

Еуропа елдері мен жақын шетелде коронавирус қайта бас көтеруде. Кей мемлекеттер локдаун режимін енгізіп жатыр. Қазақстандағы, оның ішінде өңірдегі ахуал алаңдатарлық емес, яғни тұрақты. Өңірдің бас дәрігерінің сөзінше біз қауіпті дерттің таралуының оптимистік сценариімен келе жатырмыз. Яғни, науқастардың саны 100 мың тұрғынға шаққанда 750-ден аспайды. Ал егер дертке әр 50-ші адам шалдыға бастаса, бұл дабыл қағу керектігін білдіреді. Ең алғашқы толқын барша республикаға сабақ беріп, біраз олқы тұстарды көрсетті. Кемшіліктер бүгінде түзеліп, қауіпті дерттің өршуіне қарсы әзірлік жүріп жатыр.

Қабдырахман Сақтағанов – облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

– Біз 218 млн теңгенің препараттарына тапсырыс бердік. Бұл қор науқастардың саны тым көп болғанның өзінде жетуі тиіс. Облыс әкімінің тапсырмасы бойынша 250 млн теңге бағытталып, дәрі-дәрмектің 22 аталымы бойынша тұрақтандыру қоры жасақталды. Мұндай шаруа елді мекендерде де жүргізіліп жатыр. Аудан әкімдіктері препараттар қорын жасауға 5-тен 8 млн теңгеге дейін бөлуде. Әрі шалғай жатқан 50 ауылда дәрілерді саудалайтын пункттер жұмысын бастайды.

Дәрі-дәрмек тапшылығы туындамасы үшін Үкімет «СК-Фармация» жанынан қор құрып, біздің өңірге 58 млн теңгенің препараттарын бөлді. Техникалық мүмкіндіктер де әлдеқайда артты. ИВЛ аппараттарының саны қазірдің өзінде – 121, ал жылдың соңында 232-ні құрамақ. Ал науқастарды оттегімен қамтамасыз ету үшін 300 млн теңге бөлінді. Өңір бойынша 366 концентратор бар. Бірақ, бұл аздық етеді дейді Қабдырахман Сақтағанов. Сондықтан, аймақ басшысының тапсырмасымен жаңа инфекциялық аурухананы есепке алмағанда 5 емдеу мекемесіне оттегі орталықтандырылған газ беру жүйесі арқылы жүзеге асырылады. Төсек-орындардың жетіспеушілігі проблемасы да болмайды. Қор 2415-ті құрағанымен, стационарлардың қауқары 3500-ге дейін жетеді.

Қабдырахман Сақтағанов – облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

– Коронавирусты анықтауға арналған тест жүйесіне тоқталатын болсақ, бізде 4 зертхана жұмыс істеуде. Олардың 2-уі – мемлекеттік, 2-уі – жеке ұйым. Жағдай тұрақты болғанда біз күніне 600-ден 1 мыңға дейін тест жасаймыз. Қажет болса оны 3 мыңға дейін арттыру мүмкіндігі бар. Сараптама нәтижесі 1 тәуліктің ішінде дайын болады.

Қысқасы – дайындық қызу. Бұл ретте үлкен жауапкершілік тұрғындардың өздеріне де жүктелген. Жерлестеріміз өз денсаулықтарына қазірден ұқыпты қараулары қажет. Мәселен, 25 мыңнан аса солтүстікқазақстандық емханаларға тіркелмеген. Яғни, олар шұғыл көмекке қол жеткізгенімен, жоспарлы емдеу шараларынан қағылмақ.

Қарлығаш Ілиясова – “ӘМСҚ” КЕ АҚ СҚО бойынша филиалының бөлім басшысы:

– Әрбір науқас өзінің учаскелік дәрігерін білуі қажет. Ол үшін емханаға тіркелу керек. Сонда тұрғындар тегін әлеуметтік көмекті де, міндеттік әлеуметтік сақтандыру қоры аясында көрсетілетін қызметтерді де ала алады.

Науқан қыркүйектің 15-і бастау алды. Осы аралықта 162 адам емханаларға тіркеліпті. Бұны 3 жолмен жасауға болады. Біріншісі – емдеу мекемесіне барып, рәсімдеу. Екіншісі – халыққа қызмет көрсету орталығына жүгіну, ал үшіншісі, ең оңайы, Egov.kz порталы арқылы тіркеуге тұру.

 

 

 

Эльмира Садвокасова