ТКШ

“Қызылжар су” серіктестігі баспасөз турын өткізді

Бүгін “Қызылжар су” серіктестігі БАҚ өкілдері үшін арнайы баспасөз турын өткізді. Шара барысында журналистер кәсіпорынның жыл басынан бері атқарып жатқан жұмыстарымен танысты.

Бұл – Театр және Попов көшелерінің қилысындағы ағын суларды сору станциясы. Биыл мұнда қос бірдей су жаңа трансформаторлық қосалқы бекет орнатылды. Оған себеп – қолданыстағы қондырғылардың тозуы. Жаңғырту жұмыстарына қарастырылған қаражат көлемі 25 млн теңгеге жуықтайды.

Евгений Мокренский – “Қызылжар су” ЖШС бас энергетигі:

– Әр трансформаторлық қосалқы станцияның қуаттылығы 630 вольт-амперді құрайды. Одан бөлек, биыл қолданысқа арнайы жүйе енгізілді. Ол мұндағы электр көрсеткіштерін орталыққа айна-қатесіз жеткізеді.

Ал бұл – Жұмысшы кентіндегі Лазутин көшесі. 2 аптадан бері мұндағы диаметрі 315 мм-лік су құбыры ауыстырылып жатыр. Оның жалпы ұзындығы 3 шақырымды құрайды. Желі 50 жыл бұрын қолданысқа беріліпті. Содан бері жөнделмеген де, жаңасына ауыстырылмаған да.

Жанат Мырзахметов – “Қызылжар су” ЖШС аға шебері:

– Әзірге, құбырдың 600 метрін жаңарттық. Жұмыс көлденең бұрғылау әдісімен жүргізілуде. Яғни, жерді қазудың қажеті жоқ. Жоспар бойынша шаруа бірнеше аптаның ішінде толығымен аяқталады.

Сонымен қатар, биыл “Қызылжар су” серіктестігінің техникалық паркі жаңарған. Мәселен, жыл басында 3 су жаңа апаттық машина сатып алыныпты.

Жоғары деңгейде жабдықталған ресейлік техника сумен қамту жүйесінде қауіптің алдын алу мен апаттың салдарын жою жұмыстарын жеңілдетуге септеседі.

Арман Саутов – “Қызылжар су” ЖШС техникалық директоры:

– Ресейлік көліктер ақпан айында сатып алынды. Оған Қайта құру және даму банкі арқылы 168 млн теңге бағытталды. Әр машина 56 млн теңге тұрады. Біреуі – кәріз, екіншісі су желісінде пайдаланылады, ал үшіншісі апат кезінде қолдануға арналған.

Баспасөз туры барысында су есептегіш құрылғылары жайлы да айтылды. Қазір көп жерде оның ескі нұсқасы тұр. Бүгінгісі – заманауи. Тың құрылғы деректерді орталыққа қашықтықтан жолдайды.

Арман Саутов – “Қызылжар су” ЖШС техникалық директоры:

– Қазанның 15-сінен бастап есептегіш құрылғысын ауыстырған жағдайда тұрғындар жаңа үлгідегі аппаратты алулары керек. Қазір оның бағасы шамамен 5 мың теңге тұрады.

Жалпы, биыл жаңғырту жұмыстарына “Қызылжар су” серіктестігі жеке бюджеттен 176 млн теңге бөлген. Бүгінге дейін оның 90 пайызы тиісті мақсатқа жұмсалған.

Бисенова Жанна