Ауыл шаруашылығы

Тимирязев ауданында ұн комбинаты жұмыс істеп тұр

Солтүстік Қазақстанда жасалған. Тимирязев ауданына қарасты “Арна” шаруа қожалығы осымен 15 жыл / ұн өндірумен айналысады. Мамандар күніне 25 тонна өнім әзірлеп, оны өңіріміздің түкпір-түкпіріне жөнелтеді. Тауар облыс көлемінде, әсіресе, Петропавл қаласында жоғары сұранысқа ие екен.

Егін егіп, оны өңдейді, қой мен жылқы өсіріп, саудаға шығарады. «Анар» шаруа қожалығы – бүгінде Тимирязев ауданындағы іргелі кәсіпорындардың бірі. Жұмысын агроқұрылым 1994 жылы бар-жоғы 90 гектар жерден бастапты. Бүгінде алқаптың көлемі 10 мыңға дейін жеткен. Биыл диқандар оның 7 мың гектарына – бидай, 1 мыңына – зығыр мен тағы 500-іне арпа мен сұлы егіпті. Жақсы өнімге қол жеткізу үшін аграрийлер жыл сайын тұқымды жаңартып, органикалық және минералды тыңайтқыштарды сіңіреді екен. Ал келесі жылдан бастап шаруашылық сұйық тыңайтқыш өндірумен өздері айналыспақ. Осылайша, шығын азайып, алтын дәннің сапасы одан әрі жақсарады.

Қайрбек Хамзин – «Анар» ШҚ директоры, Тимирязев ауданы:

– Биыл жақсы өнім жинадық. Бидайды – 18, зығырды – 8, сұлыны 25 центнерден алдық. Шаруашылықта 13 комбайн бар және 5 кешеніміз бар. Дені – шетелдік сапалы техника.

Аграрий ала жаздай өсірген астықты осымен 15 жыл болды саудаға шығармайды екен. Оны сыйымдылығы 30 мың тонна болатын қоймада сақтап, өңдейді. 2005-те Қайрбек Хамзин түркиялық диірмен алып, ұн комбинатын іске қосқан. Бүгінде кәсіпорында 20 адам еңбектенуде.

Күніне мұнда 1-ші, 2-ші және жоғары сұрыпты / 25 тонна ұн әзірленіп, өңіріміздің жер-жеріне жөнелтіледі. Өнім тек Тимирязев ауданында ғана емес, бүкіл облыста, әсіресе, Петропавл қаласында жоғары сұранысқа ие. Өндіріс ошағы жыл он екі ай жұмыс істейді. Мұнымен жергілікті аграрий тоқтап қалмады. 4 жыл бұрын шаруашылық мемлекеттік бағдарламаның көмегімен мал бағытын да қолға алыпты. Алдымен 400 бас Еділбай қойынан бастаған. Кейін Аграрлық несие корпорациясының көмегіне тағы бір мәрте жүгініп жылқы өсіруге кіріскен. Қазір жайылымда бағылып жатқан жылқы мен қойдың саны 1300-ге жуықтайды.

Қайрбек Хамзин – «Анар» ШҚ директоры, Тимирязев ауданы:

– Жылда 4-5 айлық марқаларын сатамыз. Астанадан биыл келіп, 200 басын алып кетті. Жылқыларды да солай саудалаймыз. Өзіміздің жыл сайын алып тұратын тұрақты клиенттеріміз бар.

Жан-жақты дамып жатқан шаруашылықтағы орташа жалақы 300 мың теңгені құрайды. Ал жалдамалы жұмысшылар қолына 180 мың алады екен. Соның өзінде агроқұрылымда кадр тапшылығы мәселесі өткір тұр. Ерінбек еңбек етемін деген азаматқа мұнда жұмыс тез табылады.

 

 

 

Эльмира Садвокасова