Бүгін ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев коронавирус індетінің екінші кезеңіне дайындық жөнінде кеңес өткізді. Жиында мемлекет басшысы көптеген елде эпидемиологиялық ахуалдың нашарлағанын айта келе, бірқатар өзекті мәселеге жіті тоқталды.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзінше, Қазақстанда тест сынамасын жасату қымбат: 10 мыңнан 18 мың теңгеге дейін. Сондықтан, Үкімет пен әкімдіктер белгіленген соманы түсіру қажет. Бетперденің құнын да төмендету керек. Қазір бұл бағытта жұмыстар жүргізіліп жатыр. Алдағы уақытта маскалардың бөлшек саудадағы шекті бағасын 60 теңге көлемінде бекіту жоспарланып отыр. Республикамызда дәрі-дәрмектердің екі айлық қоры жасақталып, қажетті препараттардың тізімі кеңейтілді. Кеңес барысында Президент дерт қайта белең алса, негізгі салмақ тағы да медицина қызметкерлеріне түсетінін атап өтті. Сол себепті. оларға тиісті үстемақы және сақтандыру төлемдері толық төленуі тиіс.
Қасым-Жомарт Тоқаев – Қазақстан Республикасының Президенті:
– 30 қыркүйектегі мәлімет бойынша пандемия кезінде бұл індеттен 182 медицина қызметкері көз жұмды. Қазіргі кезде бұл жағдайларды түрлі комиссиялар қарастыруда. 37 отбасына ғана жәрдемақы төленді. Мұндай жағдайға мүлде жол бермеу керек. Өлім себептерін адам қайтыс болғаннан кейін анықтау көптеген қиындықтар, соның ішінде, этикалық сипаттағы түйткілдерді туындатады. Осы орайда Үкіметке қайтыс болған медицина қызметкерлерінің отбасыларына егжей-тегжейлі тергеу жүргізбей, тиісті барлық жәрдемақыны төлеуді тапсырамын. Медицина қызметкерлерінің қызмет барысында науқасқа шалдығуы расталған жағдайда олардың төлемақылары қысқа мерзім ішінде сөзсіз төленуі тиіс.
Култанов Байболат