ТКШ

Биыл қалаішілік қоғамдық қозғалысқа дифференциалды тариф енгізіледі

Биыл Петропавлда / қалаішілік қоғамдық қозғалысқа дифференциалды тариф енгізіледі. Электронды карта арқылы есеп айырысу жүйесін іске қосу / желтоқсан айына жоспарланып отыр.

Қоғамдық кеңес отырысында қаралған алғашқы мәселе – қала ішінде автобуспен жүруге дифференциалды тариф енгізу. Оны енгізу үшін Петропавлдағы қоғамдық көліктерге желтоқсан айына дейін арнайы құрылғы орнатылады. Нәтижесінде жолаушылар электрондық картаның көмегімен қатынайды. Карта ұсынылса, жолақы құны ересектерге – 80, ал балаларға 40 теңгені құрамақ. Ал төлем қолма-қол жасалса, қалтадан шығатын ақша 35%-ға көп болады. Қоғам белсенділерін толғандырған мәселе де осы.

Қойылған сұраққа қалалық ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Бақыт Ілиясов толыққанды жауап берді. Мұндай баға ұсынылғанша дейін әкімдік өкілдері жіті есеп-қисап жүргізіп, қоғамдық көліктің кірісі мен шығысын санапты. Сонда 130 теңге ең тиімді баға да шешіліпті. Жиында қоғам өкілдері зейнеткерлерге, жетімдер мен студенттерге жеңілдік жасау қажеттігін де алға тартты. Бақыт Ілиясов кеңес мүшелерінің айтқанымен келіседі. “Бірақ, оның қашан жүзеге асырылатыны – уақыттың еншісінде” -, дейді. Ал картаның құны қанша болады?

Бақыт Ілиясов – қалалық ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы:

– Бір картаның құны 400 теңгені құрайды. Оны бірнеше жыл қолдануға болады. Жолаушыларға ыңғайлы болсын деп төлем құралын адамдар көп жиналатын орындарда сататын боламыз. Ал картаға қаржы аудару үшін кез келген екінші деңгейлі банктің қызметін пайдалануға болады.

Кеңес мүшелері қаладағы көпқабатты үйлердің қасбетін бояу, шаһарды одан әрі көркейту жайына тоқталды. Биылдан бастап тиісті шаруа атқарылмас бұрын сәулетшілер тұрғындармен кеңесетін болады.

Ерлан Қайырбеков – қалалық тұрғын үй қатынастары бөлімінің басшысы:

– Алдағы уақытта осындай әдісті қолға алуды жоспарлап отырмыз: Баспананың сәулеттік келбетін өзгертпес бұрын тұрғындарға жобаны таныстыратын боламыз. Қандай жұмыстар атқарылатындығын жіті түсіндіреміз. Шаруа қалалықтардың ойын тыңдап, келісімін алған соң ғана басталады.

Жиында жалпы 4 мәселе қаралды. Коронавирустың екінші толқынына қарсы дайындық жайы да қаузалды.

 

 

 

Маржан Касымбек