ТКШ

Бескөлде көппәтерлі 50 үй орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылды

Бескөл ауылында 3 жылдан бері жылу желісін тарту жұмыстары белсенді жүргізіліп келеді. Нәтижесінде көппәтерлі / 50 үй мен 20-дан аса әлеуметтік нысан орталық қазандыққа қосылды. Бұл бағытта шаруа әлі жалғасуда.

Руслан Растенов Бескөл ауылында 40 жылдан бері тұрып келеді. Биыл Ульянов көшесінің бойында орналасқан көбқабатты баспаналардың біріне қоныс аударған. Жер үйдегідей мұнда да тұрғындар баспаналарын өздері жылытады екен. Бұл біраз ыңғайсыздық тудырады. Жаз соңында жерлестеріміз бірігіп ғимаратқа орталықтандырылған жылыту желісін өткізуді жөн көреді. Олар ақша жинап осында орналасқан 27 пәтерді ортақ қазандыққа қосқызыпты.

Руслан Растенов – Бескөл ауылының тұрғыны, Қызылжар ауданы:

– Әйелім екеуіміз мұғалім болып қызмет еткеннен кейін уақыттың көбісі балаларды оқытуға жұмсалады. Сол себепті, үйге көмір мен отын тасу біз үшін біраз қиындық тудырады. Өзім былтыр жамбасыма ота жасатқан едім, ауыр көтеруге болмайды. Қазір баспанамыз жылы. Үйді қазандыққа қостыру үшін әр пәтер иесі 140 мың теңгедей төледі.

Тұрғындар жылуға беретін коммуналдық төлемнің құны 2 есеге қысқарды дейді. Бұрын жерлестеріміз бір қыста 120 мың теңгенің отын-көмірін жағып келген екен. Ал қазір тек 60 мың теңге ғана жұмсайды. Сондай-ақ, былтырдан бері Бескөлдегі «Мирас» сәбилер балабақшасы да ортақ жылыту жүйесінің шарапатын көріп отыр. Нысан 280 орынға шақталған. Карантинге байланысты бүгін мұнда 180 ұл-қыз тәлім алып жатыр. Аталған шаруалардың барлығы 2018 жылдан бері атқарылып келеді. Өйткені, осыдан 10 жылдай бұрын тұралап қалған орталық қазандық қайта жөнделіп, іске қосылды. Мәселен, былтыр оған ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін аудандық бюджеттен 15 млн теңге жұмсалған.

Қайырбек Нұралин – «Қызылжар-ЖКХ» ЖШС директоры:

– Биыл облыстан 40 млн ақша бөлінді. Оған ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргіздік. Қазір 2 айлық мың тонна көміріміз бар.

Жалпы, Бескөл ауылында көппәтерлі 85 тұрғын үй бар. Бүгінге дейін олардың 50-і орталықтандырылған жылыту желісіне қосылды. Жұмыстар әлі жалғасып жатыр. Коммуналдық қызметкерлер жыл соңына дейін осындай тағы 10 баспананы ортақ жүйеге қоспақшы.

 

 

 

 

 

Бердимурат Баймухан