МТРА жаңалықтары

Бағаның шарықтамауы – басты назарда

Бағаның шарықтамауы – басты назарда. Әлеуметтік маңызы бар тауар құнының негізсіз жоғарылауына жол берілмеуі тиіс! Мәселе облыстық әкімдік отырысында талқыланды.

Мөлдірлік, ашықтық. Қазіргі таңда өңіріміздегі мемлекеттік органдар осындай форматта жұмыс істеуге біртіндеп көшіп жатыр. Мәселен, бүгінде облысымыздағы 80-ге жуық мекеме жаңаша негізде қызмет көрсетеді. Бұл бағытта “Қызылжар – адалдық алаңы” жобасының қосқан үлесі орасан зор. Себебі, аталған орталықтың бастамасымен өлкеміздің 12 ауданында “Ашық әкімдік” фронт-офисі ашылды. Жыл соңына дейін тағы мұндай кеңсе Мағжан Жұмабаев және Есіл аудандарында, сонымен қатар, Тайыншадағы Келлеровка селосында пайда болады.

Ғани Нығыметов – СҚО әкімінің орынбасары:

– “Ашық әкімдік” фронт-офисі тек аудандарда ғана емес, ауылдық әкімдіктерде де ашылмақ. Қазір осы мақсатта жұмыс атқарылып жатыр. Мониторингілік топ өкілдері талдау жүргізді. Нәтижесінде өңірдің 19 ауылдық әкімдігінде халыққа бір жерден қызмет көрсететін кеңсе ашуға болатындығы анықталды.

Жиында атқарушы органдардың да жұмысы тілге тиек етілді. Жарты жылда өлкемізде 3 млн-нан астам мемлекеттік қызмет көрсетіліпті. Оның 93 пайызы – электронды форматта. Облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың сөзінше, бұл – өңір үшін жақсы нәтиже. Өз сөзінде аймақ басшысы жуырда аймағымыздың геопорталы іске қосылатынын жеткізді. Жаңашылдықтың арқасында жұмыс барысы одан әрі жеңілдемек.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Алдағы жылдың қаңтар айында облыста геопортал іске қосылмақ. Солтүстікқазақстандықтар жер телімдері туралы барлық ақпаратты осы жүйе арқылы алатын болады. Ал қазіргі таңда тұрғындар қажетті мәліметке қол жеткізу үшін бірнеше мекемеге жүгініп жүр.

Облыстық әкімдік отырысында тағы бір маңызды мәселе талқыланды. Ол – азық-түліктің бағасын реттеу. Қазір көпшілік өлкедегі соңғы жағдайларға байланысты тауық жұмыртқасы мен құс еті қымбаттап кетеді деп алаңдауда. Бірақ, алаңдауға еш себеп жоқ. Кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Медет Оспанов барлығы бақылауда дейді. Тұрақтандыру қоры қазіргі бағаны сақтайды.

Медет Оспанов – облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы:

– Жыл басынан бері өңірде тауық еті қымбаттаған жоқ. Көрсеткіш 870 теңгені құрайды. Айта кетейін, қазіргі таңда Тұрақтандыру қорында 12,7 тонна тауық саны бар. Олар бүгінде сауда орындарына 790 теңгеден сатылуда. Ал жұмыртқаға келетін болсақ, “Адель құс” серіктестігімен меморандум жасалды. Нәтижесінде өнімнің 10 данасы 280-нен сатылуда. Бүгінде барлық супермаркетте бірінші санаттағы жұмыртқаның шекті бағасы 300 теңгеден аспайды.

Естеріңізге сала кетейік, өңірде 2 бірдей ірі құс фабрикасы салынып жатыр. Нысандар жұмысын бастаған уақытта аймақты құс етімен және жұмыртқамен қамту мәселесі түбегейлі шешілмек. Жиын барысында облыс басшысы Құмар Ақсақалов бірқатар ауданды атап өтті. Оларда кейбір азық-түлік өнімдері қымбат бағамен сатылып жатыр. Мәселені назарға алмасқа болмайды.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Бүгінде макарон Мамлютка мен Аққайың ауданында қымбат. Онда өнімнің 1 келісі 200 теңгеден саудалануда. Ғ.Мүсірепов ауданында макарон – 25 теңгеге, ал М.Жұмабаев пен Шал ақын аудандарында 20 теңгеге арзан. Не себепті аудандар бойынша мұндай айырмашылық орын алып тұр?

Қарақұмық құнының бағасы да әр түрлі. Тұрақтандыру қорында ол 250 теңгеден саудалануда. Алайда, кей аудандарда аталған өнім 350-ден, ал Шал ақын мен Ғ.Мүсірепов аудандарында 270-тен сатылып жатыр екен. Айырмашылық әжептәуір. Сондықтан, аймақ басшысы аудан әкімдеріне мәселені жедел арада шешіп, бағаны ауыздықтауды тапсырды.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Әкімдер бұл мәселені жіті қадағалауы қажет. Әйтпеген жағдайда мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады. Ауылдық округ әкімдері де осы жұмысқа қатысып, тиісті мониторинг жүргізулері керек. Әр дүкенге кіріп, кез келген өнім бағасы көтерілсе, оған не себеп болғанын анықтаулары тиіс. Басты мақсат – облыс бойынша азық-түлік бағасының негізсіз шарықтауына жол бермей, бір деңгейде ұстай білу.

Сөз соңында аймақ басшысы “жұмыла көтерген жүк жеңіл” дегендей қол астындағы қызметкерлерді бірігіп белсенді жұмыс істеуге шақырды. Сонда ғана оң нәтиже орын алмақ.

 

 

 

 

 

Ешкенова Дана