Ауыл шаруашылығы

Қызылжар ауданында құстар індет жұқтыруы мүмкін деген күдікпен көзі жойылып жатыр

Бескөлде үй құстары індет жұқтыруы мүмкін деген күдікпен  көзі жойылып жатыр. Бұл міндет  эпизоотияға қарсы жасақ өкілдеріне жүктелген. Мамандар кеше аудан орталығында орналасқан фабрикадағы 200 мыңға жуық құсты өртеген. Бүгін аталған шаруа тұрғындардың да қора-жайларында жүргізілді.

Зейнет жасына шыққан Иван Гусельниковтің он шақты индоүйрегі бар. Етті келетін құстарды қыста сойып алады екен. Алайда, биыл қар түскенде азық қыламын деп әбден күйлеп-баптаған индоүйректерін емес, басқа ет сатып алуына тура келетін сияқты. Бескөлде құс тұмауының таралуына байланысты бұл қанаттыларға да қауіп бар. Осы орайда мамандар Бескөлдің «МЖК» деп аталатын шағын ауданында құстарды жоюға кіріскен. Эпизоотияға қарсы жасақ өкілдері Иван Михайловичтің үйіне де келді.

Иван Гусельников – Бескөл ауылының тұрғыны, Қызылжар ауданы:

– Құстарды өлтірулеріне қарсымын. Өйткені, олар ауру басталғалы бері далаға шығарылған жоқ. Вирусты жұқтырулары мүмкін емес. Оған шалдыққанның өзінде индоүйректерді өзім өртейтін едім.

Иван Гусельников осылайша сөзін аяқтады да үйінің есігін құлыптап, мамандарды кіргізбей қойды. Бірақ, карантин талаптары жалпыға ортақ. Егер тұрғындар құстарды жоюдан бас тартса 20 АЕК көлемінде айыппұл салынуы мүмкін. Тұрғынға ескерту жасаған өкілдер келесі адамның баспанасына қарай жол тартты. Бұл уақытта шараға тәртіп сақшылары да келіп қосылды.

Мамандар есігін қаққан бескөлдік Элизабетта Мусина да бастапқыда қанаттыларын жоюға рұқсатын бермеді.

Тек ветеринарлар жағдайды жіті түсіндіріп бергеннен кейін ғана келісті. Қарияның қорада қамаулы тұрған 12 тауығы дәрінің көмегімен өлтірілді. Ол үшін енді зейнеткерге белгілі мөлшерде қаражат төленетін болады. Енді өтемақының жайына тоқталып өтсек. Құстардың әр данасы қаншаға бағаланып отыр?

тауыққа – 944 теңге
ет-жұмыртқа бағытындағы тауыққа – 1346 теңге
күркетауыққа – 7614 теңге
қазға – 5321 теңге
үйрек пен мысыр тауығына 2744 теңге төленеді

Марат Ыбраев – СҚО ветеринариялық бақылау және қадағалау аумақтық инспекциясының басшысы:

– Бұл – статистика департаменті берген мәлімет. Алайда, 1500-2000 мыңға айырмашылығы бар. Халықтың арасында дау орын алмасын деп орташа бағаны қабылдадық.

Тиісті қаражатты алу үшін ветеринар берген арнайы анықтама, жеке куәлік пен есепшот нөмірін алып жергілікті әкімдікке бару қажет. Мамандар тиісті соманы бірден аударып береді.
Күні кеше Бескөл ауылындағы құс фабрикасында да 200 мыңға жуық қанатты жойлыпты. Қазір кәсіпорынның іші-сыртында дезинфекциялау шаралы жүргізіліп жатыр.

Нұржан Шәріпов – республикалық эпизоотияға қарсы жасақтың облыстық филиалының басшысы:

– Қызылжар ауданында 7 ошақ бар. Якорь аулы мен Бескөл ауылындағы құстар түгел алынатын болды. Қалған 5 ауылда да қанаттылар жойылды. Бүгінде өздігінен өліп жатқан құстар жоқ.

Бүгінде жалпы облыс бойынша 57 елді мекенде құстардың қырылу фактісі тіркелген. Алайда, қазірге қанша қанаттының өлгені туралы нақты мәлімет жоқ.

Маржан Қасымбек