МТРА жаңалықтары

Теміржол вокзалындағы жаңғырту жұмыстары аяқталуға жақын

Жоғарғы қабатқа көтерілу жеңілдейді, қызмет көрсету орындары ашылады, күту залы кеңейтіледі. Петропавл теміржол вокзалындағы жаңғырту жұмыстары өз мәресіне жетуге жақын. Маңызды шаруаны мердігер  желтоқсан айында тәмамдамақ.

Жанна Бисенова – тілші:

– Қаламыздағы теміржол вокзалы соңғы рет 1959 жылы күрделі жөндеу көріпті. Міне, араға 60 жылдан астам уақыт салып тиісті шаруа қайта атқарылып жатыр. Мұндағы жаңғырту жұмыстары 2018-де басталды. Жақын арада аяқталатын болады.

Құрылысшылар ағымдағы жылдың қаңтарында жөндеу жұмыстарының соңғы кезеңін бастаған. Жауапты шаруа барысында мердігерлер тұрғындардың өтініштерін ескерген. Мәселен, көпшілік ауыр жүк сөмкелерін жоғарыға шығару өте қиын екендігін жеткізіпті. Осыған байланысты теміржол вокзалында 2 эскалатор мен 3 лифт орнатылды. Аталған дүниелердің көмегімен ағайын бірден күту залына көтеріле алады.

Станислав Таратуто – “Ресей темір жолдары” ААҚ Петропавл бөлімшесі инвестициялық секторының жетекші инженері:

–  Заманауи құрылғыларды орнату үшін ғимарат алдын кеңейттік. Осылайша вокзалда лифт пен эскалатор пайда болды. 8-10 адамға шақталған. Одан бөлек, баспалдақтар да қалыпқа келтірілді. Тағы нысан іші арнайы материалмен қапталып, ауаны кондиционерлеу жүйесі орнатылды. Аталған жаңашылдық арқылы іштегі температураны қадағалауға және өзгертуге болады.

Сонымен, күту залы екіге бөлінді. Біріншісі – қала маңында орналасқан елді мекендерге, екіншісі – алыс жерге жол жүретін жандар үшін. “Бұл тұрғындардың ыңғайлылығы үшін жасалып отыр”-, дейді жетекші инженер Станислав Таратуто. Оған қоса үшінші қабаттың аумағы 30 пайызға кеңейген. Енді адамдар емін-еркін қозғала алады. Одан бөлек, вокзал ішінде буфет пен дәріхана және шаштараз сынды қызмет көрсету орындары пайда болады. Олар ғимараттың орталығында орналаспақ. Алдағы уақытта вокзалдың батыс аумағын өзгеріс күтіп тұр. Ал бүгінде жерлестеріміз бен қонақтар үшін нысанның шығыс бөлігі ғана жұмыс істейді. Мұнда билет алып, пойызды күтуге мүмкіндік бар.

Станислав Таратуто – “Ресей темір жолдары” ААҚ Петропавл бөлімшесі инвестициялық секторының жетекші инженері:

–  Жұмыс кесте бойынша, яғни еш кешігусіз жүргізіліп жатыр. Жалпы, шаруаны 5 кәсіпорын атқаруда. Бұл – шамамен 70-ке жуық адам. Қазір шатырды қайта қалыпқа келтіру ісі қызу тындырылуда. Одан кейін ғимараттың орталық және шығыс бөлігіндегі ішкі жұмыстарға көшеміз. Бұдан соң, 3-ші қабатқа ақпараттық таблолар мен орындықтар орнатамыз.

–  Вокзалдағы оң өзгерістерге қуаныштымын. Жөндеу жұмыстары ұзаққа созылғандықтан, сапасы да жақсы болады деген үміттемін.

– Жаңғырту жұмыстары заман талабына сай жүргізіліп жатыр. Лифт пен эскалатордың пайда болғаны көңіл қуантарлық жайт.

Қазір жөндеу жұмыстарының 75 пайызы орындалған. Іс толығымен желтоқсан айына таман тындырылмақ.

Жанна Бисенова