Қоғам

СҚО-да “Уақытша отбасы” жобасы аясында 122 бала білім алады

Өңірде 300-ге жуық шағын жинақты мектеп бар. Алайда, кей оқу ошақтарында  жыл өткен сайын  бала санының аздығынан сыныптар жабылып жатыр. Ал қалған оқушылардың білім алуын қамтамасыз ету үшін  облыста “Уақытша отбасы” жобасы қолға алынған болатын. Оның аясында ұл-қыздар көрші ауылдағы жанұяда тұрып, сабаққа қатысуына мүмкіндік алды. Бүгінде мұндай жастардың саны 100-ден асады.

Алмат Зұлқарнай қазір 10-шы сыныпта оқиды. 15 жастағы жасөспірім бұған дейін Мамлют ауданындағы Меңкесер ауылында орналасқан мектепте біліп алыпты. Алайда, осыдан 7 жыл бұрын аталған елді мекенде бала саны азайған соң қазақ сыныптары жабылған екен. Сол себепті, іргедегі Бексейітке келіп, оқу ошағының дәл жанында тұратын жанұямен танысқан және бірден тіл табысқан. Осылайша «Уақытша отбасы» бағдарламасына ілігіп, осында қалған.

Алмат Зұлқарнай – Бексейіт орта мектебінің оқушысы, Мамлют ауданы:

– Қазақ сыныбы жабылған соң ең жақын ауылдағы білім ошағын іздедік. Бексейіт елді мекені 10 шақырым, алыс екен. Сол үшін осында келдім. Сабаққа қатысамыз. Одан соң домбыра ойнауға барамыз. Күреске қатысамыз. Күніміз солай өтеді.

Ата-анасы сеніп тапсырған соң Самал Мамбетова Алматқа өз ұлындай қарайды. Тәртіп бұзса, ақылын айтады, сабағына көмектеседі. Кейде, тіпті, еркелетіп те алатынын айтады.

Самал Мамбетова – Бексейіт ауылының тұрғыны, Мамлют ауданы:

– Бала тәртіпті. Өзімнің ұлым сияқты болып кетті. Ата-анасы мен қарындасы бар. Тілімді алады. Қайда барса да сұранады. Сабағы орташа. Басында жақсы оқыды. Бөтен ауылға келсен соң қиын болып жатқан секілді. Өз үйіндегідей жүреді.

Алмат сабақ күндері – осында, ал демалыста туған ауылына барып қайтады. Қазір өзі тұрып жатқан отбасының туған-туыстарымен де жақсы таныс екен. Мамбетовтардың жалғыз ұлы бар. Ілияс есімді жасөспірім Алматпен бір сыныпта оқиды. Бір-бірімен достасып, бауыр болып алған екеуі қайда барса да жұптары жазылмайды.

Ілияс Ахметжан – Бексейіт орта мектебінің оқушысы, Мамлют ауданы:

– Алматпен доспын. Домбыраға бірге барамыз. Ол менің туған бауырымдай. Ауылға кеткенде орны білінеді. Үй тып-тыныш болып қалады.

Осындай әдіспен өздерінде уақытша тұруға оқушы қабылдаған жанұяға мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп жатыр. Яғни, әр ай сайын «Уақытша отбасы» бағдарламасы аясында 45 мың теңге беріліп отырады. Ол-ол ма, жобаға сәйкес ерлі-зайыптының ұлына да 7 АЕК көлемінде жәрдемақы ұсынылуда.

Маржан Қасымбек