Спорт

Петропавлдағы роликодром күрделі жөндеуден өтті

Қазбек Байболов атындағы спорт мектебінде роликпен сырғанайтын жолақ жөндеуден өтті. Іске жауапты мамандар 2 мың шаршы метрге тақтайдай тегіс асфальт төсеп, конькишілер мен шаңғышыларға тиісті жағдай жасады. Сонымен қатар, алаңның бір бөлігіне жасанды жасыл жабынды төселді. Онда шеберліктерін хоккейшілер шыңдамақ.

Дарья Бедель – Қазбек Байболов атындағы облыстық мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің тәрбиеленушісі. Ол конькимен жүгіру спортымен айналысады. Қазір жерлесіміз жазғы жаттығу жасап жатыр. Яғни, роликпен әрлі-берлі зуылдап, өзінің шеберлігін шыңдауда. Шеберлік шыңдауға бар жағдай жасалған. Мысалы, биыл мұндағы жүгіру жолағының жабындысы жаңасына ауыстырылды.

Дарья Бедель – Қ.Байболов атындағы облыстық мамандандырылған БЖСМ тәрбиеленушісі:

– Күрделі жөндеу жұмыстарынан кейін мұнда роликпен оп-оңай сырғанап жүрміз. Бұрын қиын еді. Асфальттың үстіндегі ой-шұқыр жаттығу жасауға кедерді келтіретін. Өзімнің конькимен жүгіру спортына келгеніме 1 айдан асты. Қалыпқа келтіру жұмыстарына көңіліміз толады.

Күрделу жөндеу жұмыстарына 34 млн теңгеден астам қаржы жұмсалды. Бұл ақшаға роликпен жүгіру жолағынан бөлек, ортаға жасанды жасыл жабынды да төселеді. Оның үстінде енді хоккейшілер емін-еркін жаттығады. Мәселен, жазда олар шағын доппен, ал қыста шайбамен хоккей ойнай алады.

Владимир Щербаков – Қ.Байболов атындағы мамандандырылған БЖСМ директоры:

– Қазір біз роликодромда биатлон, шаңғы және коньки тебу спортымен кәсіби түрде айналыса аламыз. Ортада допты және шайбалы хоккей ойнауға да мүмкіндік бар. Бұрындары біз тек Нұр-Сұлтан мен Щучинск қалаларындағы трассаларда жаттығатынбыз. Қазір ешқайда барудың қажеті жоқ.
Асфальт 2 мың шаршы метрге төселді. Ал жасанды жасыл жабынды мен қоршау аумағы 1800 шаршы метрді құрайды. Мұнда соңғы рет жөндеу жұмыстары 2005 жылы жүргізілген еді.

Бүгінде Қазбек Байболов атындағы облыстық мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде 500-ге жуық ұл-қыз тәрбиеленеді.

Бердимурат Баймухан