МТРА жаңалықтары

Петропавлда қазіргі уақытта 3 көше жөнделіп жатыр

Бір көшеге түсетін көлік жүктемесі сейіліп әрі Береке ықшам ауданын орталықпен байланыстыруға ықпал етеді. Қаланың ортасынан шеткі ауданға турасынан өтуге мүмкіндік беретін Крепостной көшесінде жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Мамыр айында бастау алған шаруа қазанның аяғына дейін тындырылмақ.

Крепостной, Жамбыл және Әуезов. Аталған көшелердің тұрғындары жиі билік өкілдеріне жүгініп, Қапай ауданында тозығы жеткен жолдың орнына жаңасын салуды сұрапты. Өтініш жерде қалмады.

Алтынай Қазиқан – тілші:

– Биыл тұрғындардың өтініші ескеріліп, Крепостной мен Жамбыл және Әуезов көшелері жөнделіп жатыр. Мұнымен іс аяқталмайды. Жақын арада бұл көшелердің бойында жаңа жиектас пайда болып, жарық шамдары орнатылады. Оған қомақты қаражат бөлінген.

Облыстық қазынадан бағытталған сома 255 млн теңгені құрайды. Аталған көлемдегі ақша 25-ші мамырдан бері игеріліп жатыр. Бұл күні жол салу жұмыстары бастау алған екен. Іс жергілікті “Тоир” серіктестігіне сеніп тапсырылыпты. Шаруа аяқталғасын көше ерекше маңызға ие болады. Онымен күн сайын жүздеген көлік қатынап, өзге бағыттардағы машина саны азаймақ. Әрі Береке ықшам ауданын орталықпен байланыстыруға ықпал етеді.

Эльдар Кокабаев – қалалық ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің маманы:

– Жолдың ені – 7, ал ұзындығы – 900 метр. Крепостной көшесінің екі жағында 1 жарым метрлік тротуарлар мен 3 метрлік жасыл аймақ болады. Одан бөлек, Жамбыл мен Крепостной көшелерінің бойында бағдаршам мен жылы автобус аялдамаларын орнатуды жоспарлап отырмыз.

Жөндеуге 49 адам мен 20-ға тарта техника жұмылдырылған. Равиль Салимжановтың бұл жерде жұмыс істеп жатқанына 4 ай болған.

Равиль Салимжанов – серіктестік жұмысшысы:

– Жұмыс көңілімнен шығады. Таңғы 8 жарымнан кешкі 7-ге дейін істейміз. Жалақыны кешіктермей беріп тұрады.

Мамандар істі қазанның аяғына дейін аяқтауды жоспарлап отыр.

Алтынай Қазиқан