Өңірде “Үздік шебер-2020” байқауы жалғасуда

Қоғам

21:56 6 Қазан 2020

Өңірде “Үздік шебер-2020” байқауы жалғасып жатыр. Бүгін Петропавлда өз ісінің жілігін шағып, майын ішкен шаштараздар мен сылақшы мамандар сынға түсті. Олар сайыс ережесі бойынша арнайы тапсырмаларды орындап, қазылардың бағасына ие болды.

Күннің бірінші жартысында 5 жас шаштараз сынға түсті. Олар сайыс ережесі бойынша кешкі шаш үлгісін жасады. Тапсырманы орындауға 1 жарым сағат уақыт берілді.

Ал күннің екінші жартысында сылақшылар өз мүмкіндіктерін сынады. Сайыс қатысушылары гипсокартоннан арнайы құрылым әзірлеу қажет. Оның ұзындығы мен ені мына қағаз бетінде көрсетілген. Дайындалатын дүние де дәл сондай болуы тиіс. Сондықтан, Роман Макаренко “Жеті рет өлшеп, бір рет кес” деген қағиданы ұстанады. “Радуга” серіктестігінің намысын қорғап келген азаматтың айтуынша, қателік жіберуге болмайды. Мүлт кетсең сан соғып қалуың мүмкін.

Роман Макаренко – байқауға қатысушы:

– Байқау туралы кеше ғана білдім. Бұл – менің құрғақ құрылыс саласындағы алғашқы сайысым. Сәл-пәл қобалжып тұрмын. Дегенмен, тәжірибем бар. Сондықтан, тапсырманы дұрыс әрі тез орындап шықтып деп ойлаймын.

Байқауға Роман Макаренкодан өзге 4 адам қатысты. “Осындай конкурс арқылы талантты, үздік кадрларды іріктеп алуға мүмкіндік бар”,- дейді ұйымдастырушылар.

Азат Мұхамеджанов – қалалық жастар ресурстық орталығының жетекшісі:

– Біз үздік кадрларды анықтау арқылы жастарды жұмысшы мамандықтарын игеруге баулығымыз келеді. Себебі, қазіргі қоғамда олардың саны аз. Бүгін сылақшылар құрғақ құрылыс бағыты бойынша бақ сынады. Әрқайсысы – өз ісінің шебері. Әділ баға беру үшін тәжірибелі мамандар шақырылды.

“Үздік шебер” байқауының қорытындысы бойынша жеңімпаздар диплом және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Айта кеткен жөн, дәл осындай сайыс шаштараздар мен сылақшылардан бөлек, таяу арада тас қалаушылар мен аспаздар арасында да өтетін болады.

Жанна Бисенова

Бұдан әрі оқыңыз

Жарылыс болған жатақхана қалыпқа келтірілуде
Тәуелсіздік құрдастары
ЕС-164/6 мекемесінде 8 Наурызға арналған жиын өтті
Өңірде “Жылулық сыйла” акциясы өтуде
Облыстық іскер әйелдер қауымдастығының отырысы өтті
Қазақ жерінен пана тапқан түрлі ұлт өкілдерінің тағдыры
Білім беру саласында жемқорлықтың алдын алу
Петропавлда 4 мүлік иелерінің кооперативі бар
Болашақ Отан қорғаушылар шақырту пункттерінде тіркеуден өтуде
Тәуелсіздік құрдастары ардагерлер кеңесіне қатысты
Қалалық қоғамдық кеңесінің отырысы өтті
20-ақпан – Дүниежүзілік әлеуметтік әділеттілік күні