Құқық қорғау органдары

Еріктілер марапатталды

Петропавлда белсенді жандар марапатталды. Өңірдің бас тәртіп сақшысы Марат Төлебаевтың алғыс хаты қалалық Полиция басқармасы жанындағы волонтерлер жасағының 5 мүшесіне табысталды. Құрметке бөленген жастар  жалғызбасты жандарға қажетті заттар жеткізіп, қылмыстардың бетін ашуға және құқық бұзушылықтарды анықтауға ат салысып жүр.

– За оказание всесторонней помощи сотрудникам полиции в их профессиональной деятельности наградить благодарственным письмом представителей волонтерского отряда Управления полиции города Петропавловска!

Әдетте, қалалық Полиция басқармасының плацында құқық қорғаушылар марапатталатын. Бүгін еріктілер құрметке бөленіп отыр. Нақтырақ айтсақ, волонтерлер жасағының 5 мүшесіне өңірдің бас тәртіп сақшысы Марат Төлебаевтың алғыс хаты табысталуда. Бұл жандардың еңбегі ерен. Олар төтенше жағдай кезінде қол қусырып қалмады, жалғызбасты петропавлдықтарға дәрі-дәрмек, қажетті заттар таратты. Түрлі акциялар барысында жаднамалар мен жеке қорғаныс құралдарын үлестірді.

Раиса Зуева – қалалық ПБ жанындағы жасақтың еріктісі:

– Бүгін алғыс хатпен марапатталып жатырмыз. Осындай марапат алып, карантин кезінде атқарған жұмыстарымыз үшін жылы лебіз есту – біз үшін үлкен қуаныш. Өзім 4 айдан бері еріктілік қызмет атқарамын.

Белсенді қыз-жігіттер қиын-қыстау шақта қажетті заттарды таратып қана қоймады, олар соңғы 9 айда тәртіп сақшыларына 46 қылмыстың бетін ашуға және қылмыстарды жасады деген айып тағылған 56 адамды ұстауға ат салысты. Тағы, волонтерлердің қатысуымен 825 түрлі әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. Жалпы, Полиция басқармасы жанындағы Волонтерлер жасағы 2020 жылдың қаңтарынан бастап жұмыс істейді. Оған 60-тан астам жас мүшелік етеді.

Култанов Байболат