ТЖ

Құтқарушылар кезекті рейд өткізді

Жол бермЕу, аулада самсаған көліктің бей-берекет орналасуы әрі шлагбаумның көтерілмеуі. Петропавлдық өрт сөндірушілер әдетте жедел жұмыс барысында осындай кедергілерге кезігеді. Мамандар кезекті рейд кезінде бұған тағы бір рет көз жеткізді.

Дабыл қосылған өрт сөндіру көлігі алдымен Жабаев, Сүтішев және Горький көшелерімен жүріп өтті. Мақсат – оқиға орнына жету кезіндегі кедергілерді анықтау. Кедергілер көп кешікпей-ақ анықталды. Әлбетте кейбір жүргізушілер арнайы техниканы көре тұра жол бермеді. Яғни, әрмен қарай өткізбей, біраз уақыт алды. “Осының салдарынан діттеген мекен жайға жету уақыты ұзарып, артынша қайғылы жағдай орын алуы ықтимал”,- дейді мамандар.

Әсет Шайкин – қалалық төтенше жағдайлар басқармасының бас маманы:

– Рейд кезінде жүргізушілердің басым бөлігі техникаға жол беріп, кедергі келтірмеуге тырысты. Алайда, жол бермейтін жандар да жоқ емес. Құтқарушылар үшін бұл – үлкен мәселе. Себебі, біздің жұмысымызда әр минут маңызды.

Шаһар жолдарымен жүріп болған соң өрт сөндірушілер үй аулаларын аралады. Құтқарушылардың сөзінше, қаладағы кейбір көпқабатты баспаналардың алдына өтудің өзі бір машақат. Көп жағдайда әрлі-берлі жүруге ғимарат алдында қаз-қатар тізіліп тұрған көліктер мен істен шыққан шлагбаум кедергі келтіреді екен.

Әсет Шайкин – қалалық төтенше жағдайлар басқармасының бас маманы:

– Мен шлагбаумы бар аулаларға ерекше тоқталғым келеді. Кей кезде құрылғы жұмыс істемейді немесе қасында жауапты мамандар болмайды. Бұл мәселені қолға алу керек. Оған қоса, тұрғындар темір тұлпарларын бей-берекет қояды. Салдарынан өрт сөндіру техникасы діттеген жерге өте алмайды. Мұндай жағдайда мамандарға машиналарды өз күштерімен жылжытуға тура келеді.

Жалпы, мұндай рейд шарасы Петропавлда әр тоқсан сайын өткізіліп тұрады. Негізгі мақсат – тұрғындар арасында өрт сөндіру көліктеріне жол беріп, машиналарды дұрыс қою мәдениетін қалыптастыру.

Жанна Бисенова