МТРА жаңалықтары

Смирново селосында дене шынықтыру-сауықтыру кешені салынып жатыр

Аққайың ауданының орталығында дене шынықтыру-сауықтыру кешені салынып жатыр. Қазір істің 30 пайызы атқарылған. Мамандар нысанды желтоқсан айының ортасында тапсырамыз дейді. Сондай-ақ, Смирновода жолдар мен су желілері қалыпқа келтірілуде.

Аққайың ауданында жүзеге асырылып жатқан ірі жобалардың бірі ол – дене шынықтыру-сауықтыру кешені. Ғимараттың аумағы – 2 мың шаршы метр. Құны жарты млрд теңгені құрайтын жоба биыл тамыз айында бастау алған. Кешен желтоқсанның 16-сы күні тапсырылуы тиіс.

Самат Сарсымбаев – Аққайың ауданы әкімінің орынбасары:

– Біз кешеннің құрылысын ұзақ күттік. Жобаға облыстық бюджеттен қаржы биыл ғана бөлінді. Нысанның ішінде 160 адамға арналған жаттығу орны, шағын футбол, воллейбол алаңдары мен жаттығу залдары болады.

Дене шынықтыру-сауықтыру кешенінен бөлек аудан орталығында түрлі спорт алаңдары тұрғызылуда. Мәселен, аудандық стадионның маңында орналасқан мына әмбебап алаңда волейбол, футбол мен теннис ойнауға болады. Биыл стадионның маңы қоршалып жатыр. Ал келесі жылы жүгіру жолағы мен тозығы жеткен трибуналар жаңартылмақ. Сондай-ақ, Аққайың ауданында биыл 6 білім ошағы жөндеу көрді. Мектептердің жанында 3 шағын футбол алаңы тұрғызылған, дәл сондай тағы 5-еуі жергілікті ауылдарда бой көтеріпті. Олардың құрылысына облыстық бюджеттен 360 млн теңге жұмсалған. Барлығы өскелең ұрпақ үшін дейміз ғой. Алайда, оқушыларға биыл ойыннан гөрі интернеттің сапасы маңыздырақ болып тұр.

Самат Сарсымбаев – Аққайың ауданы әкімінің орынбасары:

– Қазір балалар сабақты ұялы байланыстың көмегімен оқып жатыр. Ауданның барлық елді мекендерінде интернет бар. Биыл Қиялы мен Добровольское селоларында қос ұялы байланыс мұнарасын орнаттық.

Тұрғындар тарапынан жиі түсетін сұрақ жол мәселесіне қатысты. Биыл аудандағы жолдарды жөндеуге облыстық бюджеттен 1 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді. Қыруар қаржыға Смирново селосындағы 15 шақырымға жуық жолға ағымдағы және күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген. Астраханка мен Смирновоның арасына да 15 км асфальт төселген. Қазіргі уақытта Смирново-Григориевка бағытындағы тас жол жөнделіп жатыр.

–  Биыл Смирново селосында көп өзгеріс орын алды. Жолдар жөнделіп, көшелер жарықтандырылуда. Балаларға спорт алаңқайлары тұрғызылды.

–  Бізді жол мәселесі көп толғандыратын. Себебі, балаларды мектепке апарар кезде, жұмысқа барғанда саз-балшықтан өту қиын. Биылдан бастап бәрі реттеліп жатыр.

Су мәселесін айтпай кетпейміз. Қазіргі күні Қиялы селосында 300 млн теңгенің су тарату желісі салынып бітуге жақын. Ал Токушево селосындағы су желілеріне былтырдан бері күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Шаруа келесі жылы аяқталады дейді аудан әкімінің орынбасары Самат Сарсымбаев.

Бердімұрат Баймұқан