ТЖ

СҚО-да өткен аптада өрттен 3 адам қаза тапты

Өткен аптада өңір аумағында 15 өрт оқиғасы тіркелді. Салдарынан 3 бірдей адам қаза тапты. Құтқарушылардың мәліметіне сүйенсек, тілсіз жау көбінесе жерлестеріміздің отқа немқұрайлы қарауынан шыққан. Бұл жайлы облыстық Төтенше жағдайлар департаментінде өткен брифинг барысында айтылды.

Төтенше жағдайдың алғашқысы 1-ші қазан күні сағат түскі 2-лер шамасында Аққайың ауданына қарасты Смирново селосында тіркелді. Мұнда Жамбыл көшесінде орналасқан 63-ші үй отқа оранды.

Нұрлан Атығаев – СҚО ТЖД бастығының орынбасары:

– Өрт салдарынан төбе, сәкі және үй нәрселері өртенді. Өрт сөндіру барысында үйдің бір бөлмесінен ер адамның және әйел адамның мәйіттері табылды. Өрттің себебі – өртке немқұрайлы қарау.

Тағы бір оқиға 2-ші қазан күні Петропавл қаласында тіркелді. Қызыл жалын Абай көшесіндегі 59-шы үйдің 204-ші пәтерінде бас көтерген. Салдарынан 47 жастағы баспана иесі ажал құшты.

Нұрлан Атығаев – СҚО ТЖД бастығының орынбасары:

– Күйік шалған ер адам алдымен 3-ші қалалық ауруханаға жеткізілді. Өкінішке қарай, дәрігерлер оның өміріне араша түсе алмады. Азамат келесі күні қайтыс болды. От темекі қалдығынан тұтанған. Көршілердің сөзінше, пәтер иесі ішкілікке салынған көрінеді.

Жалпы, жыл басынан бері облыс аумағында 497 өрт оқиғасы орын алды. Салдарынан 38 адам қаза тапқан. Департамент өкілдері төтенше жағдайларды болдырмау үшін сақтық шараларына баса назар аудару қажеттігін еске салады.

Казиканова Алтынай