Қоғам

Петропавлда “Үздік шебер” байқауы өтті

Әр мамандықтың маңыздылығын дәлелдеу. Петропавлда осындай мақсат ұстанған “Үздік шебер” атты байқау ұйымдастырылды. Сайысқа түрлі саланың тұтқасын ұстаған 16 мен 29 жас аралығындағы мамандар қатысты.

Александра Береженованың флористика саласына келгеніне 2 жыл болыпты. 21 жастағы нәзікжанды алғашында гүлдер туралы кітаптар оқып, бейнематериал қарап, курстарға барғанын айтады. Уақыт өте келе қызығушылығы одан әрі артып, бұл істі табыс көзіне айналдыруды шешкен.

Александра Береженова – байқауға қатысушы:

–  Бізге тапсырыс көп түседі. Әсіресе, мейрам кезінде және үйлену тойына көп алады. Әр адамға гүл шоғын ерекше етіп әзірлеп беруге тырысамыз. Флористика саласы бір орында тұрмайды. Әрқашан жаңашылдық пен шығармашылықты қажет етеді.

Бүгін Александра Береженова өзге 5 адаммен “Үздік шебер” байқауына қатысып отыр. Қатысушылардың бірі бұл саланы жіті меңгерсе, екіншісі кәсіпті енді бастап жатыр. Конкурста қойылып отырған басты тапсырма – күзгі букет жасау. Мұнда әр адам өзінің қиялына қарай гүл шоғын ерекше әрі сәнді етіп жасауы керек.

Елена Семидоцких – “Весна” флористика студиясының директоры:

– Барлық қатысушыға бірдей материал және түрлі гүл ұсындық. Осы арқылы бақ сынаушы жандардың қиялын, жұмыс істеу әдісінің ерекшелігін және түстерді қалай үйлестіретін анықтаймыз. Бастысы, тазалық, түстерді сәйкестендіру және креатив жағынан бағалаймыз.

Араға 40 минут салып көз тартар гүл шоқтары дайын болды. Сайыста 1-ші орын алған жанға 50 мың теңге көлемінде ақшалай жүлде табысталды.

Ал бұл жерде тепсе темір үзетін ер азаматтар сынға түсуде. Олар “Үздік шиномонтаждаушы” атағын иелену үшін көліктің дөңгелегін теңгерімдеп, бөлшектеп жатыр. Тапсырманы жарты сағатта орындау қажет. Ал Мейірбек Байдәулетов өзіне жүктелген міндетті бар-жоғы 15 минута орындап шықты.

Мейірбек Байдәулетов – байқауға қатысушы:

– Бұл – менің осы саладағы алғашқы байқауым. Сайыс барысында қиындықтар болды. Өзің күнде көріп жүрген материал болмағандықтан, сәл үйреншікті емес. Соған қарамастан тапсырманы жақсы орындап шықтым деп ойлаймын.

Әр мамандықтың маңыздылығын дәлелдеу. Бұл – ұйымдастырылған қос байқаудың негізгі мақсаты. Айта кетейік, дәл осындай сайыс тас қалаушылар, шаштараздар мен әрлеуші жандар арасында да өтеді.

Алтынай Қазиқан