МТРА жаңалықтарыМәдениет

Облыстық кітапханада Сәбит Мұқанов атындағы мәжіліс залы ашылды

Жөндеу көріп, халық жазушысының есімі берілді. Облыстық кітапханада әйгілі жерлесіміз Сәбит Мұқанов атындағы мәжіліс залы ашылды. Келешекте мұнда айтыстар мен маңызды конференциялар өткізілмек. Мәжіліс залын тиісті деңгейде жарақтау үшін облыстық бюджеттен 33 млн теңге жұмсалған. Оның ашылу салтанатына аймақ басшысының орынбасары Ғани Нығыметов қатысты.

Жарық, кең әрі заманауи қондырғылармен жабдықталған. Сәбит атындағы мәжіліс залының іші бірден көз тартады. Жаңаша дизайнмен жасалған төбе мен қабырғалар кіріп келген адамға ерекше әсер береді. Әсіресе, жерлесіміздің есімі мен суреті басылған мына тұсы.
Мәселен, мынау – залдың бұрынғы көрінісі. Бозғылт тартқан жерде маңызды іс-шаралар өткізу мүмкін болмайтын. Енді бүгіннен бастап мұнда маңызды даталарға орай түрлі конференциялар мен айтыстар өткізіледі.

Ләззат Жолаушинова – С.Мұқанов атындағы облыстық кітапхананың бас кітапханашысы:

– Сәбит Мұқановтың 120 жылдығы. Осыған байланысты Сәбит залы ашылып жатыр.

Залдың ашылу салтанатына облыс әкімінің орынбасары Ғани Нығымет қатысты. Жиында жазушының 2 томдық “Аққан жұлдыз” атты романы таныстырылды. Бұл кітап 40 жылдан бері жаңа экземплярмен басылмаған көрінеді. Биыл облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың қолдауының арқасында туындының жап-жаңа 500 данасы жергілікті кітапханаларға жеткізілетін болады.

Ғани Нығыметов – СҚО әкімінің орынбасары:

–  Сәбит Мұқановтың бірнеше кітабы биыл қайта басылып шығарылды. Жастар атақты жазушының шығармаларын оқулары қажет.

Жалпы, өңірдің мәдениет саласын дамытуға баса көңіл бөлініп жатыр. Жиында облыстық филармония бишілерінің жаңа киімдер топтамасы таныстырылды. Биыл бишілердің гардеробы 79 костюммен толықты. Бұл мақсатқа 18 млн теңге бағытталған.

Ешкенова Дана