Қоғам

Көзінің жанары сөнсе де жүрегіндегі оты сөнбеген жандар

Көзінің жанары сөнсе де жүрегіндегі оты сөнбеген жандар. Қазақ зағиптар қоғамына қала бойынша 350-ден астам адам мүшелік етеді. Олардың басым бөлігі – құрметті еңбек демалысында. Зейнеткерлер мекемеде спортпен шұғылданып, салауатты өмір салтын ұстанады, шығармашылықпен айналысады. Басына түскен қиындыққа қарамай, өмірге деген құлшынысын жоғалтпаған жерлестірімізбен Маржан Қасымбек жүздесіп, тілдесіп қайтты.

Ұялы телефонға қағазда жазылған ақпаратты оқыту, адамдарға қоңырау шалу және әлеуметтік желілерге кіріп, хабарлама жазу. Зағип жан Алмагүл Қанафина күнде осылай отырып, құрылғыны қолдануды үйренеді. “Заман игілігінің тиімді тұстары көп”,- дейді нәзікжанды.

Алмагүл Қанафина – зағиптар қоғамы облыстық филиалының мұғалімі:

– Телефонсыз ұйықтай алмайтын сияқтымын. Осымен бірге таң атып, күн батады. Сағатты көреміз. Тамақты жасағанда да уақытпен шамалаймыз. Барлық ақпаратты телефоннан аламыз. Басында қиын болды, әрине. Бірақ, үйрендік.

Ал мына залда қолына домбырасын ұстаған Шаншар Жекеев әннен шашу шашып жатыр. Шағын концертті сүйсіне тамашалап отырған жарының жанына біз де келіп жайғастық.

Шаншар ағамыз Сәбит Мұқановтың «Сұлушаш» поэмасынан үзінді орындауда. Өнер десе ішер асын жерге қоятын жан туындыда айтылған әрбір ойды түсіну үшін көзбен немесе құр құлақпен емес, жүрекпен сезіну қажет дейді. Қос жанары сөнсе де үміті сөнбеген зейнеткер өмір қиындықтарымен дәл осылай күресетіндігін айтады.

Шаншар Жекеев – зағиптар қоғамы облыстық филиалының мүшесі:

– Соңғы 4-5 жылдан бері көрмей қалдық. Көңіл-күй түскен кезде қолымызға домбыра алып, ән айтамын. Осындағы адамдарға жақсы көңіл-күй сыйлауға тырысам. Бұрын мерекелік шаралар жиі болатын. Барлығы жақсарса, қайта бастаймыз.

Шаншар Жекеев 17 жыл мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, кейін 20 жыл зағиптар қоғамының жергілікті кәсіпорында түрлі қызмет атқарған. Құрметті еңбек демалысына шығып, қазір ұлы мен қызынан туған немере-жиендерінің қызығын көріп жүр.

Шаншар Жекеев – зағиптар қоғамы облыстық филиалының мүшесі:

– Немерелеріме тәрбие беріп жүрмін. Сабақтарына көмектесемін. Бос уақытта қыдырамыз. Осында келіп шахмат, шашки ойнап, ермек еттік.

Қаладағы зағиптар қоғамында Алмагүл Қанафина, Шаншар Жекеевтан өзге тағы 350-ден астам жан бар. Олардың басым бөлігі – зейнеткерлер. Мүгедектіктің 2-ші және 3-ші тобындағы аға буын өкілдері мекемеде тұрмайды, осында келіп, бірлесе уақыттарын тиімді өткізеді. Мәселен, спортпен айналысады, сурет салады, ән айтып, би билейді, заман игіліктерінің тілін меңгереді.

Айнагүл Тәшенова – «ҚСҚ» ҚБ СҚО филиалының төрайымы:

– Карантин енгізілгелі бері бейнелеу өнерінен өтетін үйірмелер уақытша тоқтатылды. Шеберханамыз жабық тұр. Жарымжандардың көбі қазір шахмат ойнайды, телефон мен компьютер қолдануды үйренеді, тағы бассейнге баруды әдетке айналдырғандары да бар. Жақында бізде массаж жасайтын бөлме де ашылды.

Әлі де бірталай шаруа атқарылады. Басты мақсат – қартын қадірлеген қазақы қасиеттен айрылмай, мүгедек жандарға қоғамның толық мүшесі екендіктерін сезіндіру.

Маржан Касымбек