Қоғам

ЕС-164/3 түзету мекемесіндегі қазандық цехында жөндеу жұмыстар жүргізілді

ЕС-164/3 түзету мекемесіндегі қазандық цехында күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді.

Биыл мұндағы 6 қазандықтың 4-еуі қалыпқа келтірілді. Тағы, сорғылар мен мұржалар да жаңасына ауыстырылды. Бұл мақсатқа мекеме бюджетінен шамамен 3 млн теңге жұмсалыпты. Қазіргі таңда цехта 20-дан астам жазасын өтеуші жұмыс істейді. Нақтырақ айтсақ, олар төрт ауысымдық кесте бойынша 6 сағаттан кезекшілік атқарады. Жазасын өтеп жатқан жандарды «Еңбек-Қызылжар» кәсіпорны екі қолға бір күрекпен қамтыған. Аталған кәсіпорын өкілдерінің сөзінше, мекеме қауырт маусымға 100 пайыз дайын. Қара отынның қажетті қоры да жеткізіліпті.

Ерсін Біркенов – «Еңбек-Қызылжар» РМК учаске бастығы:

– Биылғы қыс аязды бола ма деп 4 бірдей қазандықты қалыпқа келтірдік. Барлығын майлап-сырлап қойдық. Қауырт маусымға дайынбыз. Өткен жылдан 800 тонна көмір қалған болатын. Биыл тағы 2 жарым мың тоннасы жеткізілді. Бұл қысқа толығымен жетеді.

Ешкенова Дана