Аптадағы маңызды жаңалықтар

Елді мекендердегі су мәселесі шешіліп жатыр

Ауылдықтардың көптен күткен арманы орындалды. Тимирязев ауданына қарасты Дмитриевка мен Жарқын елді мекендерінде су мәселесі түбегейлі шешілді. Көшеге колонкалар орнатылып, қазір тұрғындар тіршілік көзін  үйлеріне тартып жатыр. Енді қысы-жазы шелектеп су тасып, қолмен кір жуып әуреленбейді.

Дмитриевка селосының тумасы Роза Тоқпаеваның, әзірге, қалаға көшкісі жоқ. Себебі, ауылдағы жағдай шаһардағымен теңесіп жатыр. Жуырда үйіне тіршілік көзін өткізіпті. Қазір баспана ішіне құбыр тартып, су ағатын септик қаздырып жатыр. Бұл шаруаға нәзікжанды 155 мың теңге жұмсаған. Кейін қол және кір жууға арналған автомат машиналарын сатып алыпты. Енді кір жуу үшін қысы-жазы шелектеп су тасудың қажеті жоқ.

Роза Тоқпаева – Дмитриевка селосының тұрғыны, Тимирязев ауданы:

– Қол жуғаннан кейін астындағы шелегі толып қалады. Оны далаға шығып, төгу керек. Күн жылыда аса қиын емес қой, бірақ қыста әбігерге салатыны рас. Жазда оқудан балаларым мен қонаққа әпкем, жиендерім келді. Күнде кір жуумен болдым. Ол үшін алдын ала су қайнатып алу керек. Өзге шаруаны атқаруға уақыт қалмайды. Енді жағдай өзгерді. Жеміс-жидек пен көкөніс суаруға да аз уақыт жұмсайтын боламын. Қысқасы, өмірдің рахаты.

Шынымен де Дмитриевка селосының тұрғындары үшін ақ түйенің қарны жарылған күн. Ұзақ жылдар бойы тіршілік көзіне қатысты мәселе елдімекендіктерге салмақ салып келген болатын. Ауылдықтар алдымен суды құдықтан алып ішіпті. Кейін оны бөшкемен жеткізе бастаған. Мәселені шешуге жергілікті билік өкілдері 2018 жылы кірісіпті. Әкімдік Дмитриевкадан бөлек, Жарқынға да тіршілік көзін санация әдісімен тартуды бастаған.

Талғат Есләмов – Дмитриевка селолық округінің әкімі, Тимирязев ауданы:

– Бірақ, ол сол жылы бітпей қалды. Былтыр Дмитриевканы бітірдік. 11 млн-ға бүкіл ауылға колонка орнаттық. Дмитриевкада 7 көше, 35 колонка орнатылды. Жарқындағы 5 көшеге 12 колонка орнаттық.

Ал Ынтымақ ауылы үшін колонкалар – әлі арман. Елді мекендегі су мәселесі күрделірек. Қазір әкімдік тұрғындарды сапалы тіршілік көзімен қамту қамын қарастырып жатыр.

Талғат Есләмов – Дмитриевка селолық округінің әкімі, Тимирязев ауданы:

– Қазір шешіліп жатыр. Ауылға су әлі жеткен жоқ. Тұрғындар қазір құдық пен скважинадан алып, ішіп жатыр.

Селолық округта айта-айта жауыр болған жол мәселесі де біржақты етілуде. Жарқын ауылына апаратын халі мүшкіл жолға қиыршық тас төсеуге 300 млн теңге бағытталыпты. Жұмыс қазір қызу жүріп жатыр. Ал үстіміздегі жылдың соңында елді мекенде интернет мәселесі де түбегейлі шешілмек. Ауқымды шаруа өз нәтижесін беруде. Бүгінде 3 селодан қалаға көшу қарқыны бәсеңдеп келеді.

Эльмира Садвокасова