Білім

Ұстаз болу – жүректің батырлығы

Ұстаз десе толқымайтын жүрек, туламайтын қан болмас. Бұл – ауыр жүкті арқалай отыра, білім жолына салатын қадірлі мамандық. Мұғалімдердің кәсіби мерекелері қарсаңында осы саланың ең қиын жолын таңдаған ұлағатты ұстаздармен кездестік.

Ұстаз берген тәрбие әрбір жанның өміріне жол сілтер шамшырақ секілді. Аяулы да ардақты педагогтар қауымы өзінен гөрі шәкіртті, оның тәрбиесін әрдайым бірінші орынға қояды. Яғни, олар күн-түн демей балаларға тәлім береді. Араларында ерекше ұл-қыздармен жұмыс істейтін мұғалімдер де бар. Мәселен, Петропавлдағы Есту кемістігі бар балаларға арналған облыстық арнайы мектеп-интернатында 71 білікті маман еңбек етеді. Солардың бірі – Алексей Сивинский. 30 жастағы жігіт құлағының мүкісі бар оқушыларға информатика және алгебра пәндерінен сабақ береді. Азамат бұл мамандықты және дәл осы мекемені бекерден-бекер таңдамаған. Кезінде бұл білім ұясында оның анасы жүздеген шәкірт тәрбиелепті.

Алексей Сивинский – Есту кемістігі бар балаларға арналған облыстық арнайы мектеп-интернатының мұғалімі:

– Жергілікті университеттің 3-ші курсында оқып жүргенде осында келдім. Алдымен лаборант болып жұмыс істеп, балаларды компьютерлік сауаттылыққа үйреттім. Жоғары оқу орнын тәмамдап, дипломымды қолға алғаннан кейін информатика пәнінің мұғалімі ретінде жұмысқа қабылдандым.

Жұмысқа тұрғаннан кейін Алексей Сивинский Ресейде оқып, сурдопедагог мамандығын меңгеріпті. Азамат әлі де ізденіс үстінде. Ол жыл сайын біліктілігін арттырып отырады. Өйткені, құлағының мүкісі бар оқушыларға сабақ беру ерекше ізденісті, қажырлықты талап етеді.

Себебі, мектеп-интернаттағы оқу бағдарламасы басқа білім ұяларынан әлдеқайда еркеше. Мекемеде қызмет ететін ұстаздар әр ұл-қызбен жеке-жеке жұмыс жасайды. Осында еңбек ететін Гаухар Құрманованың сөзінше, мұндағы мамандар әрбір баланың жүрегіне жол тауып, мейіріммен қарап, анасындай болуы қажет. Нәзікжандының өзі мектеп-интернатта 13 жылдан бері сабақ береді.

Гаухар Құрманова – Есту кемістігі бар балаларға арналған облыстық арнайы мектеп-интернатының кезекші мұғалімі:

– Мен дефектология мамандығына оқыдым. Осы мектепте 13 жыл еңбек етемін. Ерекше балалармен жұмыс жасаймын. Жұмысым өзіме ұнайды. Себебі, әр балаға білім беріп, көмектескім келіп тұрады.

Бұл – Даму мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған №2 арнайы мектеп-интернаты. Сабақты Артем Белоногов есімді жас педагог жүргізуде. Маман аталған мекемеде 13 жылдан бері еңбек етеді. Азамат жеңіл ақыл-ой кемістігі бар оқушылармен жұмыс жасайды.

Артем Белоногов – Даму мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған №2 арнайы мектеп-интернатының мұғалімі:

– Біздің интернатта білім беруге ерекше қажеттіліктері бар балалар оқиды. Олар – аутизм, даун синдромына шалдыққан, менталдық және тірек-қимыл аппараты бұзылған ұл-қыздар. Мамандығымды жақсы көремін. Өзім дені сау немесе науқас бала деп бөлмеймін. Барлығын жақсы көремін, барлығы мен үшін бірдей. Және шәкірттеріме дұрыс білім беру – борышым деп есептеймін.

Айта кетейік, даму мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған №2 арнайы мектеп-интернатында 180-нен астам ұл-қыз білім алады. Бүгінде оларға 70-ке жуық педагог тәлім беруде.

 

 

Ешкенова Дана