Білім

СҚО-да “Үздік педагог-2020” байқауының жеңімпаздары марапатталды

Бүгін облыс орталығында өңіріміздің ұлағатты ұстаздары марапатталды. Олардың бірқатарына түрлі дәрежедегі төсбелгілер, облыс әкімінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хаттары табыс етілді. Сондай-ақ, республикалық байқауда үздік атанған 4 жерлесімізге қомақты қаражат көлемінде сыйақы берілді.

Үздік педагог – 2020. Биыл осындай атаумен дәстүрлі республикалық ұстаздар байқауы өтті. Конкурстың шарты – жылдар бойы жинаған тәжірибені қазылар алдында көрсету. Яғни, мұғалім өзінің және шәкірттерінің жеткен жетістіктерін портфолиоға салады. Сонымен қатар, ұстаз бейнесабақ түсіріп, оны комиссияға жолдайды. Ел көлеміндегі сайысқа облысымыздан 14 адам жолдама алды. Нәтижесінде олардың 4-еуі жүлдемен оралды. Бүгін жерлестерімізге Білім және ғылым министрінің атынан медаль табысталды және 2 млн 778 мың теңгеден сыйақы берілді.

Ерлан Букенов – №1 Саумалкөл орта мектебінің мұғалімі, Айыртау ауданы:

– Тарих пәнінен сабақ беремін. Еңбек өтілім – 18 жыл. Барлық шарттарды орындай келе осындай нәтижеге жетіп отырмын. Соған қуаныштымын.

Тарих пәнінің мұғалімі сыйақыны қайда жұмсарын ойластырып қойыпты. Ол өзінің үздік шәкірттерімен бірге өңіріміздің тарихи орындарын аралап, ұл-қыздарға көрсетпекші. Басқаларға үлгі боларлық іс. Жерлесіміз мұндай марапатқа әр жас маман қол жеткізе алады дейді. Ол үшін ерінбеу қажет. Бар білгеніңді оқушының бойына сіңіру қажет. Салтанатты шарада облыс әкімінің орынбасары Ғани Нығыметов өңір педагогтарын кәсіби мерекемен құттықтады.

Ғани Нығыметов – СҚО әкімінің орынбасары:

– Ұстаз – шынымен де киелі ұғым. Осы жетістікке сол адамдардың арқасында жетіп отырмыз. Сіздер – құрметке лайықты адамсыздар. Мерекелеріңіз құтты болсын.

Кейін, Ғани Нығыметов мұғалімдерге Құмар Ақсақаловтың атынан марапат табыстады. Өңір басшысының Құрмет грамотасы мен Алғыс хатын 4 адам иеленді.

Лаура Қапизова – Жалтыр негізгі мектебінің бастауыш сынып мұғалімі, Шал ақын ауданы:

 – Бұл салада 30 жылға жуық еңбек етіп келе жатырмын. Еңбегімді елеп, марапаттап жатқандарыңа рақмет. Ұстаздарды кәсіби мерекелерімен құттықтаймын.

Сондай-ақ, шарада ұлағатты ұстаздарға түрлі дәрежедегі төсбелгілер мен сертификаттар табысталды. Жалпы, жиында 20-дан аса ұстаз қошеметке бөленді.

 

Бердимурат Баймухан