ТКШ

Петропавлда тротуарларды жөндеу жұмыстары жалғасуда

Петропавлда жаяу жүргіншілерге арналған жолдарды жөндеу жұмыстары жалғасуда. Бүгін / Батыр Баян көшесі бойындағы тротуарлар қалыпқа келтірілді. Іс жергілікті тұрғындардың / қала әкімі Болат Жұмабековке жасаған өтініштері бойынша тындырылды.

Валерий Науменко Батыр Баян көшесіндегі 7-ші үйде тұрады. Азаматтың сөзінше, жылда баспанасының алдындағы тротуардың ой-шұқырларына шалшық су жиналып, жүру қиындайды. Бұдан жалыққан петропавлдық 3 ай бұрын қалалық әкімдікке өтініш жазып, өзекті проблеманы шешуді сұрапты. Жерлесіміздің өтініші жерде қалмады. Бүгін жолға жаңа асфальт төселіп жатыр.

Валерий Науменко – қала тұрғыны:

– Бұл жол 20 жылдай жөндеу көрмеді. Қала әкімдігіне өтініш жазғаннан кейін шаһар басшысы мәселені қолға аламын деп айтты. Әкім сөзінде тұрды. Көп ұзамай ол мына жерге жұмысшылар бригадасын жіберді. Қала әкіміне ризашылығымды білдіремін! Толғандырған мәселені шешіп берді.

Іске “ДорСетьСтрой” серіктестігі жауапты. 500 шаршы метр аумаққа асфальт төсеуге кәсіпорынның 9 жұмысшысы мен 2 техникасы тартылған.
Мамандар жарты күннің ішінде жоспарланған шаруаның жартысына жуығын орындапты. Айта кеткен жөн, қазір шаһардың өзге де аудандарында жаяу жүргіншілерге арналған жолдар қалыпқа келтіріліп жатыр.

Әсем Айтолла – қалалық ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің баспасөз хатшысы:

– Бүгінге дейін қаланың Семашко, Новопавловка көшелерінде, сондай-ақ, №3 емхана мен №1 аурухананың алдындағы жаяу жүргіншілер жолдары асфальтталды. Кеше ғана Абай көшесі бойындағы жұмыс аяқталған болатын. Бүгін Батыр Баян көшесін жөндеуге қолға алдық. Айта кеткен жөн, аталған жұмыстың бәрі тұрғындардың қала әкімі Болат Жұмабековпен кездесуінің нәтижесінде жасалып отыр.

Жалпы, биыл Петропавлда 10-нан астам тротуар қалыпқа келтірілмек.

 

 

 

 

 

Бисенова Жанна