Балалар

Петропавлда «Отан-2020» әскери-спорттық ойындары өтті

Отан-2020. Осындай атаумен облыс орталығында әскери-спорттық ойындар өтті.
Жастарды патриоттық сезімге баулуды мақсат еткен шара / жыл сайын ұйымдастырылады. Жарысқа бұл жолы 20 жеткіншек қатысты.

Сайысқа «Жас сарбаз» жасөспірімдер әскери-патриоттық клубының шәкірттері қатысты. Қазіргі таңда бұл ұйымға қала мектептерінде оқитын 150-ге жуық ұл-қыз мүшелік етеді. Бүгін олардың 20-сы келіп отыр. Яғни, 5 топ, әрқайсысында 4 адамнан.

Эрик Таттыбаев – «Жас сарбаз» жасөспірімдер әскери-патриоттық қозғалысының педагог-ұйымдастырушысы:

– «Жас сарбаз» әскери-патриоттық клубы 2018 жылы №23 мектеп базасында құрылды. Қалалық балалардың барлығы осы жерде жиналады. Мұнда ұл-қыздарға патриоттық тәрбие береміз, Отан алдындағы борышты өтеуге әзірлейміз. Бүгін клуб мүшелері машықтарын паш етеді. Қатысушыларға сәттілік тілеймін!

Көп кешікпей сайыс та басталды. Алдымен ұл-қыздар саптық дайындықтан өтті.

Кейін, жиналғандар жылдамдыққа газқағар киюден сынға түсті. Жетекшілер сайыс барысын жіті бақылап, әр оқушының уақытын тіркеп тұрды.

Қиын әрі жауапты сайыстардың бірі – автоматты шашып-жинау. Мұнда қолдың ептілігі аса қажет. Әр детальды жылдам басып, әр бөлшекті жеке-жеке қою керексің. Бұл тапсырманы Александра Чернышкова сауатты орындап жатыр. 17 жастағы қыз «Жас сарбаз»-дың қатарына 2 жыл бұрын қосылыпты. Содан бері темірдей тәртіпке біраз үйренісіп қалған.

Александра Чернышкова – «Жас сарбаз» клубының мүшесі:

– Мен бұл ұйымға әкемнің ақыл-кеңесімен келдім. Клуб маған бірден ұнады, қатарластарыммен оңай тіл табысып кеттім. Алғашқыда, әрине, қиындықтар болды. Бірақ, шыдамдылық танытып, біраз дүниені меңгердім. Қазір автоматты жылдам шашып, оңай жинап аламын.

Шара соңында үздіктер анықталды. Жүлдеге іліккен топтар марапатқа ие болды.