ТКШ

Мамлют ауданында жыл соңына дейін 70 шақырым жол жөнделеді

Мамлют ауданында жыл соңына дейін 70 шақырым жол жөнделеді. Бүгінде істің басым бөлігі атқарылды. Қалыпқа келтіру жұмыстары / Афонькино селосына апаратын тас жолда да жүргізіліп жатыр.

Бұл – Афонькино мен Мамлютканы байланыстырып тұрған аудандық маңызы бар жол.
Осы аралыққа асфальт 17 жыл бұрын төселіпті. Уақыт өткен сайын тас жолдың сапасы нашарлап, ойық-шұңқырлары көбейген. Салдарынан көлік қозғалысы қиындаған.

– Бұл жермен жүру мүмкін болмай кетті. Бұрын ауылға 20 минутта жететінбіз. Қазір шұңқырларды айналып өту үшін 40 минут уақыт жоғалтамыз.

Көпті мазалаған мәселе бүгінде шешімін табуда. 11 шақырымды құрайтын жол жөнделіп жатыр. Жергілікті серіктестіктің мамандары 2 топқа бөлініп жұмыс істеуде. Алғашқылары беткі қабатты тегістеп, жаңбыр мен еріген қар суын өткізетін құбыр орнатуда.

Ал арнайы техника тізгіндеген өзге жұмысшылар асфальт төсеп жүр.

Анжелика Осикова – Становое ауылдық округінің әкімі, Мамлют ауданы:

– Жауапты іс жергілікті «Best-строй Петропавл» серіктестігіне сеніп тапсырылған. Жол жөндеу жұмыстары мамыр айында басталды. Жоспар кестеге сай жүріп жатыр. Белгіленген уақытқа дейін аяқтайды деген үміттеміз.

Жол жөндеу жұмыстарының, әзірге, 75 пайызы тындырылған. Яғни, 8 шақырым жер қалыпқа келтіріліпті.

Анжелика Осикова – Становое ауылдық округінің әкімі, Мамлют ауданы:

– Жалпы, бұл шаруаны атқаруға облыстық бюджеттен 140 млн теңге қаржы бөлінген. Жөндеу жұмыстары аяқталған соң жол белгілері де орнатылатын болады. Кейін, атқарылған істің сапасын бақылайтын мамандар келіп тексеріс жүргізеді.

Тақтайдай тегіс жол тұрғындардың игілігіне қазан айының соңына дейін тапсырылмақ.

 

 

 

 

Маржан Касымбек