Білім

Биыл Қызылжар ауданында 8 мектеп жөндеу көрді

Биыл Қызылжар ауданында жарты млн теңгеден астам қаражатқа / 8 бірдей білім ошағы жөндеу көрді. Солардың бірі – Асаново селосындағы орта мектеп. 3 қабатты нысанды жаңалауға “Ауыл – ел бесігі” мемлекеттік бағдарламасы аясында 80 млн теңге қаржы жұмсалған.

Асаново ауылында биыл оң өзгерістер орын алып жатыр. Мәселен, жаздың басынан бері ауылішілік жолдар жөнделуде. Жергілікті тұрғындар талай жыл бойы сағына күткен асфальт төселіп жатыр. Ал жақында елді мекендегі 43 жылдық тарихы бар мектепке де күрделі жөндеу жүргізілген.

Светлана Черкасова – Асанов орта мектебінің директоры, Қызылжар ауданы:

– Қалыпқа келтіру жұмыстары маусымның 1-і күні бастау алған болатын. Қыркүйектің соңына жетпей аяқталды. Шаруаны шымкенттік «Оңтүстік-Құрылыс» серіктестігінің мамандары атқарды.

3 қабатты мектептің шатыры жаңаланған, ескі ағаш терезелер пластикке алмастырылған. Нысанның ішінде де әжептәуір іс атқырылыпты. Спорт залы өңделіп, 2-ші және 3-ші қабаттың қабырғалары әрленіп, еденге линолеум төселіпті.

Светлана Черкасова – Асанов орта мектебінің директоры, Қызылжар ауданы:

– Мектепке күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге «Ауыл – ел бесігі» мемлекеттік бағдарламасы аясында 80 млн теңге бөлінді. Негізі, бізде 230 бала білім алады. Бастауыш сыныптардағы 75 оқушы – штаттық режимде, ал қалғаны қашықтықтан оқып жүр.

Балалардың қауіпсіздігі де назардан тыс қалмапты. 60-тан астам бейнебақылау камерасы орнатылған. Жалпы, биыл Қызылжар ауданында 8 мектепке күрделі жөндеу жүргізілді. Бұл мақсатқа жиынтық көлемі 570 млн теңгеден аса қаржы бағытталып отыр.

 

 

 

 

Маржан Касымбек