Білім

Қазанның бірінші жексенбісі – Ұстаздар күні

Балаларды білім нәрімен сусындатып, тәлім-тәрбие беру, адами қасиеттерді дарытуда мұғалімдердің еңбегі ерекше. Ұлағатты жандардың мерекесі жыл сайын қазан айының бірінші жексенбісі аталып өтіледі. Шәкірт тәрбиелеу – екінің бірінің қолынан келе бермейтін іс.

“Мұғалім – мектептің жүрегі” деп Ыбырай Алтынсарин атамыз бекер айтпаған. Себебі, ғылым иесі ғалым да, ел қорғаған батыр да, тілінен бал тамған ақын да, бәрі-бәрі ұстаздан тәлім алған. Осы ұлы жолды Мейрам Әбілов абыроймен жалғап келеді. Азаматтың бұл салада жүргеніне 25 жыл болыпты. Ол өзінің алғашқы еңбек жолын туған жері – Жамбыл ауданындағы Сәбит ауылында бастапты. Елді мекенде
10 жыл қызмет еткен екен. Кейін Петропавлдағы Бірінші қалалық жалпы білім беретін IT-лицейге ауысқан.

Мейрам Әбілов – Бірінші қалалық жалпы білім беретін IT-лицейі директорының оқу тәрбие ісі жөніндегі орынбасары:

– Ақырын жүріп анық бас, еңбегің кетпес далаға, ұстаздық еткен жалықпас үйретуден балаға” дегендей, бұл жұмысқа келгеніме өкінбеймін. Мұғалімдік – ең дәрежесі жоғары мамандықтардың бірі. Балалардың болашағын ойлап, олардың қалай жүргенін мектеп қабырғасын бітіріп кеткеннен кейін де алаңдаймыз.

Мейрам Болатұлы қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ береді. Еңбек жолында көптеген қызықтармен қатар қиындықтар да болыпты. Яғни, кейбір қала балаларының тіл білмеуі, үйренуге құлшыныстарының төмендігі. Бірақ, бұған азамат мойымаған. Керісінше, жігерленіп, ұл-қыздарға тәлім-тәрбие беруге тырысыпты. Осының арқасында қазір оқушылары биік белестерді бағындырып жүр.

Мейрам Әбілов – Бірінші қалалық жалпы білім беретін IT-лицейі директорының оқу тәрбие ісі жөніндегі орынбасары:

– Былтырғы жылы желтоқсан айында Австралиядан бір оқушым келді. “Ағай, жеке мені, менің сыныптастарымды кешіріңізші. Біз сізді кезінде түсінбеппіз. Мен қазір доктормын”, – деп қазақша айтқанда төбем көкке жетті.

Мағжан Жұмабаев “Алты алаштың баласы бас қосса, төр – мұғалімдікі” дейді. Ұстаздар әрдайым құрметке лайықты.

 

 

 

 

 

Казиканова Алтынай