ТКШ

“Солнечный-2” кентінде суағарлар салынуда

“Солнечный-2” кентінде суағарлар салынып жатыр. Кәріздік жүйенің жалпы ұзындығы 4 шақырымды құрамақ. Екі апта бұрын басталған іс аяқталуға жақын.

“Солнечный-2” кентінде әр жылдың көктемінде көшелерді су басады. Салдарынан жергілікті ағайынның жүріп-тұруы қиындайды. Енді бұл мәселе артта қалмақ. Себебі, қазір жолдардың бойына суағарлар салынып жатыр. Серік Аманжолов мұнда 2 ай бұрын көшіп келіпті. Оң өзгеріске қатысты өзінің ырзашылығын білдірді.

Серік Аманжолов – “Солнечный-2” кентінің тұрғыны:

– Мұнда көшіп келген кезде көшелерді су басып, айнала саз болатындығын көршілерден естідік. Сонда көңіліміз түсіп кетіп еді. Енді қуанышқа кенелейін дедік. Суағар болса, көшеге су жиналмайды, саз болмайды. Біз де емін-еркін қатынаймыз.

Жалпы, суағар кәріздері “Солнечный-2” кентінің 4 көшесіне салынып жатыр. Бұл аумақта 70-тен астам үй орналасқан. Бүгінге дейін жұмыстың басым бөлігі атқарылыпты.

Павел Булаев – “Тазартқыш, су таратқыш және су өткізгіш ғимараттар” МКК директоры:

– Салынатын суағардың жалпы ұзындығы шамамен 4 мың метрді құрайды. Іске 16 маман мен 6 техника жұмылдырылған. Жұмыс қазанның 10-ы күні толыққанды аяқталуы тиіс.

Айта кеткен жөн, биыл дәл осындай жұмыс Петропавлдың өзге де аудандарында атқарылып жатыр. Мәселен, қазір Жұмысшы кентіндегі Украинская мен Панфилов көшелерінің бойында суағар салынуда. Олардың әрқайсысының ұзындығы 6 километрді құрайды. Сондай-ақ, Ойқаладағы Потанин көшесінде де 2 шақырымдық құбыр орнатылуда. Шаруа таяу арада аяқталуы тиіс.

Әсем Айтолла – қалалық ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің баспасөз хатшысы:

– Биыл суағар салу жұмыстары Халтурин көшесінің бойы мен Привокзальная аумағында жасалатын болады. Шаруа келесі жылы аяқталады.

Петропавлдағы қолданыстағы суағарлардың жалпы ұзындығы 90 шақырымнан асады. Осы орайда мамандардың тұрғындарға айтар өтініші бар. Олар ашық су жолдарына қоқыс тастамауды сұрайды. Себебі, қалдық құбырды бітеп, салдарынан ары өтпеген су бері қарай жайылып, адамдардың өздеріне жүруге кедергі келтіруі мүмкін.

Бисенова Жанна