МТРА жаңалықтарыАуыл шаруашылығы

СҚО-да қарақұмықтың 50 пайызы жиналды

«Токуши Grain» серіктестігі биыл бірінші рет қарақұмық екті. Кеше аққайыңдық аграрийлер жерге сіңірген дақылдан алғашқы өнім алды. Бұл шаруа өңір басшысының диқандарға жүктеген тапсырмасы аясында атқарылып отыр. Себебі, коронавирус қайта бас көтерсе аймақ жұртын қолжетімді бағадағы тауармен қамтамасыз ету қажет.

«Токуши Grain» серіктестігінің алқабындағы техника соңғы шаруаны тәмамдап жатыр. Яғни, күзгі өнімнің сабағын ұсақтап, жан-жаққа шашуда. Биыл мамандар 200 гектар жерге қарақұмық егіпті. Бітік шыққан берекелі дақылды шашау шығармай 1 күннің ішінде жинап алған. Шаруашылық иесі Жомарт Омаров осы көктемде қарақұмықты алғаш рет жерге сіңіріп отыр. Жаз жауын шашынсыз болғанымен жинаған ырыздыққа көңіл толады дейді.

Жомарт Омаров – «Токуши Grain» ЖШС директоры, Аққайың ауданы:

– Орташа өнімділік 14 центнерден айналып жатыр. Ылғалдылық – 14-15 пайыз. Тұқымды Ресейдің Қорған қаласынан әкелдік.

Қарақұмық – гүлдейтін өсімдік. Оны бал аралары өте жақсы көреді. Яғни, жәндіктер аталған дақыл өсірілген алқаптарда жайылып, табиғи тәтті жинайды. Тиісінше, олар өнімнің өсуіне септеседі. Биылғы жазда серіктестікке тиесілі танапта 500-ден астам омарта тұрыпты.

Жомарт Омаров – «Токуши Grain» ЖШС директоры, Аққайың ауданы:

 – Бұл өсімдік өздігінен ұрықтанбайды. Бал аралары келіп бір өсімдіктен екіншіге ұшып жүріп ұрықтандырады. Бұл өнімнің пайдасы өте зор.

Жомарт Омаров алдағы уақытта қамбадағы қарақұмықты Петропавлдағы өңдеуші зауытқа жеткіземін дейді. Қазіргі таңда жергілікті кәсіпорын дақылдың 1 тоннасын 170 мың теңгеге бағалап отыр. Аграрий келесі жылы қарақұмық алқабының аумағын кеңейтпекші. Жалпы, биыл өңірде 4,2 мың гектар жерге аталған дақыл дәні себілді. Бүгінде жергілікті диқандар өнімнің 50 пайызын жинады. Орташа берекелік 15,6 центнерді құрайды.

 

 

 

Бердимурат Баймухан